Алаяқтар баланың еміне жиналған қаржыны жымқырып кеткен – Қостанай

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Қостанай облысында жетінші рет өтіп жатқан «Жолдағы қабылдау» акциясы аясында полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов «Nur Otan» партия филиалында азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстың бас полицейіне 12 адам сауал қойды, оның үшеуі интернет-алаяқтықты ашу бойынша тәртіп сақшыларының жұмысын атап өтті.

Облыс орталығының тұрғыны Наталья Кононова немересіне қымбат ота жасауға қаражат жинау үшін тұрғындарға жүгінуге мәжбүр болғанын айтты. Емдеу Мәскеудегі емханада жүргізілді. Нәтижесінде қостанайлықтар қысқа уақыт ішінде қажетті соманы жинаған. Дәрігерлер ота жасау күнін белгілегенмен, банк картасынан барлық сома ұрланып кеткен.

Наталья Кононова полицияға арыз жазды. Тәртіп сақшылары қылмысты ашып, Қазақстанның басқа қаласының тұрғынын ұстады. Ол әлеуметтік желілерден баланы емдеуге ақша жинайтынын біліп, банк картасын бұғаттау арқылы қаржыны жымқырған.

«Бізге барлық ақшаны қайтарған кезде қатты қуандым. Енді бізді оңалту кезеңі күтіп тұр. Бірақ барлық қиындықтар артта қалды. Қылмыскерді жедел тауып алғаны үшін тәртіп сақшыларына алғыс», - деді жәбірленуші.

Полиция департаментінің бастығы алаяқты тауып алған қызметкерлерді марапатқа ұсынатынын жеткізді.