Осы жылдың 19 қарашасында Көкшетаудың 63 жастағы тұрғыны полицияға алаяқтық туралы арызбен жүгінді. Әйел адам бірнеше сағат бұрын телефонына, содан кейін WhatsApp месенджері арқылы өзін полиция қызметкерлері деп таныстырған белгісіз адамдардан екі қоңырау түскенін хабарлады.
Алаяқтар хабарлағандай, "өтініш берушінің ұлы көлігімен жаяу жүргіншіні қағып кеткен". Олар зейнеткерге ұлының қабырғасы сынғанын, сонымен қатар жаяу жүргінші ауыр жағдайда екенін, жәбірленуші тарап 300 мың теңге сұрап отырғанын айтып қорқытқан.
Қала тұрғыны қоңырау шалушыларға мұндай сома жоқ екенін, алайда ол 200 мың теңге аударуға дайын екенін айтқан. Қолда бар сомаға келісе отырып, алаяқтар әйелге ақша жіберу қажет болатын абоненттік нөмірді көрсетті. Бірақ кейінірек белгілі болғандай, алаяқтар қателесіп, абоненттік нөмірдің соңғы екі санын дұрыс көрсетпеген.
Барлық нұсқауды мұқият тыңдап, әйел терминал арқылы ақша аударады. Содан кейін ғана ұлына оның жағдайы туралы білуге қоңырау шалған. Полицияға жүгініп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізгеннен кейін қызметкерлер ақшаның Алматы қаласының 31 жастағы тұрғынына жіберілгенін анықтады, барлық жағдайды түсіндіргеннен кейін ол ақшаны заңды иесіне қайтарып берді.