Алаяқтар ҚМА атынан жалған хат таратып, азаматтардың деректерін алуға тырысқан

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігінің атынан жалған ресми хаттар таратуды жалғастырып жатыр.

Фото: Gov.kz

Агенттікке мемлекеттік органдардың біріне ҚМА атынан жіберілген кезекті жалған хат туралы ақпарат түскен. Құжатта қаскөйлер тексеру жүргізіліп жатқанын айтып, азамат туралы мәліметтерді, оның ішінде мінездемесі мен басқа да ақпаратты сұратқан.

ҚМА мәліметінше, бұған дейін де алаяқтар осындай тәсілге жүгінген. Алдымен азаматтарға Агенттік атынан жасалған жалған хат жолдап, кейін телефон немесе мессенджер арқылы байланысқан. Өздерін ҚМА қызметкері ретінде таныстырған қаскөйлер жеке және банк деректерін алуға немесе ақша аударуды талап етуге тырысқан.

— Агенттік азаматтарды жалған құжаттарға сенбеуге шақырды. ҚМА қызметкерлері телефон арқылы банк шоттарының деректерін беруді немесе ақша аударуды талап етпейді. Құжатта мемлекеттік органның логотипі, мөрі немесе қолтаңбасы болуы оның шынайы екенін білдірмейді, — делінген хабарламада.

Күмәнді хат алған жағдайда оның шынайылығын ҚМА-нің ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет. Бейтаныс адамдарға жеке және банк деректерін бермей, олардың нұсқауымен ақша аудармау керек.

Күмән туындаса, ҚМА-нің 1458 Call-орталығына немесе 7 (7172) 70-84-79 нөмірі арқылы Кезекші бөлімге хабарласуға болады.

Еске салайық, бұған дейін Түркістанда алаяқтар ҚМА қызметкерлері ретінде танысып, 15 млн теңге бопсалағанын хабарлағанбыз.