Жазда өндірістік және спорттық жарақаттар көбейеді
Маманның айтуынша, қыс пен жаздағы жарақаттардың сипаты әртүрлі.
– Қыста көбіне адамдар тайып құлап жарақат алады. Ал жаз мезгілінде өндірістік және тұрмыстық жарақаттар жиілейді. Үй салу, жөндеу жұмыстары кезінде қолды соғып алу, кесіп алу, биіктен құлау жағдайлары көп кездеседі. Сонымен қатар спорттық жарақаттар саны да артады, – дейді дәрігер.
Оның сөзінше, көптеген адам жарақаттың алғашқы белгілеріне мән бермей, уақыт өткізіп алады. Соның салдарынан емдеу процесі күрделеніп, кейде хирургиялық ота қажет болады.
– Егер жарақаттан кейін көгеру, ісіну, қатты ауырсыну, аяқ-қолдың қалыптан тыс қозғалысы немесе сықырлаған дыбыс байқалса, бірден травматологиялық пунктке жүгіну керек. Мұндай белгілер сүйек сынуының немесе байламдардың зақымдануының белгісі болуы мүмкін. Қазір травматологиялық көмек қалада да, ауылда да қолжетімді, – дейді Досбол Ғалымұлы.
Алғашқы көмекті дұрыс көрсету маңызды
Дәрігердің айтуынша, таулы аймақтарда немесе елді мекеннен алыс жерде жарақат алған жағдайда алғашқы көмекті дұрыс көрсету ерекше маңызды.
– Егер медициналық көмекке бірден жүгіну мүмкін болмаса, зақымданған аяқ-қолды қозғалтпай, уақытша бекіту қажет. Ол үшін тақтайша немесе басқа да қатты заттарды қолдануға болады. Қол жарақаттанса, оны орамалмен немесе таңғышпен мойынға асып қойған жөн, – дейді маман.
Сондай-ақ жарақат орнына мұз басу ісінуді азайтып, қан кетудің алдын алуға көмектеседі.
– Үй жағдайында көгеру немесе ісіну байқалса, мұз қою керек. Суық қан кетуді азайтып, ісіктің ұлғаюына жол бермейді. Мұзды әрбір 1,5-2 сағат сайын басуға болады, – дейді дәрігер.
Бұл ретте маман медициналық білімі жоқ адамдардың көмегіне жүгінудің қауіпті екенін де ескертті.
– Өкінішке қарай, кейбір азаматтар түрлі сынықшыларға барады. Соның салдарынан жарақаты асқынып, ауыр жағдайға жеткен науқастарды кездестіреміз. Тіпті аяқ-қолын ампутациялаған жағдайлар да бар. Сондықтан жарақат алған кезде кәсіби медициналық көмекке жүгінген дұрыс, – дейді ол.
Самокат пен футбол алаңындағы қауіп
Соңғы жылдары самокат, скутер және мопедпен байланысты жарақаттар саны артқан. Әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында сүйек сынуы, буын шығуы және жұмсақ тіндердің зақымдануы жиі кездеседі.
Ал спортпен шұғылданатындарға дәрігер дене қыздыру жаттығуларына ерекше мән беруге кеңес береді.
– Көшеде футбол ойнайтындардың көбі кәсіби спортпен айналыспаған, физикалық дайындығы жеткіліксіз болады. Соның салдарынан сіңірін созып алу немесе үзіп алу жағдайлары кездеседі. Мұндай жарақаттардың алдын алу үшін дене қыздыру жаттығуларын дұрыс орындап, ағзаға түсетін жүктемені біртіндеп арттыру қажет, – дейді Досбол Ғалымұлы.
Оның айтуынша, қазіргі кезде спорттық жарақаттарды емдеуде жаңа технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Буындарға жасалатын операцияларда роботтандырылған жүйелер мен заманауи медициналық жабдықтар пайдаланылып, науқастардың тезірек қалпына келуіне мүмкіндік беріп отыр.
Бұған дейін «БҮГІН.Live» бағдарламасында тұрғын үй сарапшысы Ақерке Бодаубекқызы «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының жаңа талаптары мен қатысу шарттарын түсіндірген еді.