Спикердің айтуынша, кең тараған тәсілдердің бірі – банк қызметкері болып қоңырау шалу. Алаяқтар азаматқа оның атына несие рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын немесе шотында күмәнді операция анықталғанын айтады.
Кейін әңгімеге өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырған адам қосылып, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіруге тырысады.
Прокуратура банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ақшаны «сақтап қалу» үшін оны белгісіз шоттарға аударуды талап етпейтінін ескертті.
Сондай-ақ алаяқтар несие мақұлданғаны немесе оның мәртебесі өзгергені туралы SMS-хабарлама жіберуі мүмкін. Хабарламадағы сілтеме жалған сайтқа апарады. Онда телефон нөмірі, жеке куәлік деректері, банк картасының мәліметтері мен растау коды сұралады. Кейін бұл ақпарат ақша ұрлау үшін пайдаланылуы мүмкін.
– Заманауи технологиялар алаяқтарға туыстарының дауысын имитациялап, төтенше жағдай болғанын және шұғыл түрде ақша қажет екенін хабарлауға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда тек естіген дауысқа сенуге болмайды. Туысыңызбен өзіңізге белгілі телефон нөмірі арқылы қайта хабарласып, оның жағдайын нақтылап алған жөн, – деді Талант Қалиев.
Оның айтуынша, банк картасын, шотты немесе банк қосымшасына қолжетімділікті сыйақы үшін басқа адамдарға беруге болмайды. Мұндай шоттар арқылы өзге азаматтардан ұрланған ақша өтуі мүмкін.
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы қолданысқа енгізіліп, дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Жағдайға байланысты жаза мүлікті тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
– Бірнеше ондаған мың теңге бірнеше жылдық бас бостандығынан айырылуға тұрмайды, – деді прокурор.
Талант Қалиев алаяқтардан қорғану үшін SMS-кодтарды, құпиясөздерді, CVV/CVC-кодты және банк картасының деректерін ешкімге айтпауға кеңес берді.
Егер банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде қоңырау шалған адам ақша аударуды талап етсе, әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласқан жөн. Сондай-ақ бейтаныс адамдардың нұсқауымен телефонға қашықтан қол жеткізуге мүмкіндік беретін қосымшаларды орнатпау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және психологиялық қысым кезінде қаржылық шешім қабылдамау қажет.
Алаяқтар әдейі асықтырып, шұғыл әрекет етуді талап етуі, ақшаңыздан айырылып қалатыныңызды айтып қорқытуы немесе болған жағдайды ешкімге айтпауды сұрауы мүмкін.
– Басты қағидат – тоқтаңыз және ақпаратты тексеріңіз. Телефон тұтқасын қойып, банкке, туысыңызға немесе тиісті мемлекеттік органға өзіңіз хабарласыңыз. Бірнеше минут уақыт жоғалтудың өзі ақшаңызды сақтап қалуға мүмкіндік береді. Есте сақтаңыз: «қауіпсіз шот» болмайды, ал SMS-код пен банк картасының деректерін бөгде адамдарға айтуға болмайды, – деді прокурор.
Айта кетейік, алаяқтарға ақшаңызды аударып қойсаңыз, не істеу керектігін мынау сілтемеден оқыңыз.