Алаяқтардан қорғанудың қарапайым тәсілдері: адамдар неліктен тұзаққа оңай түсіп жатады

АСТАНА. KAZINFORM — Кейінгі бірнеше жылда түрлі алаяқтық тәсілдер пайда болды. Олар банктердің немесе мемлекеттік органдардың атын жамылып, қарапайым адамдарды тұзағына түсіріп жатады. Сонымен қатар, күмәнді инвестициялық ұсыныстар да көбейді. Осы орайда қаржы саласының маманы, экономика ғылымының кандидаты, Qazaq Expert Club сарапшысы Әйгерім Ілиясова мұндай алаяқтарды қалай ажыратып, жинақтарды қалай қорғауға болатынын және ұрланған қаражатты қайтарып алу мүмкіндігі жөнінде түсіндіріп берді.

Фото: Kazinform/ЖИ

Алаяқтар ақшаны ерікті түрде аударуға қалай алдайды

Қылмыскерлер қолданатын ең көп таралған құралдардың бірі — әлеуметтік инженерия. Ол психологиялық ықпал етуге негізделген: алаяқтар үрей және сенім сияқты эмоцияларды, сондай-ақ адамның мәселені тез шешуге деген ұмтылысын пайдаланады.

Сарапшының айтуынша, бүгінде қылмыскерлер «банктің қауіпсіздік қызметкерімін» деп мәлімдейтін телефон қоңырауларымен шектелмейді. Оның орнына, алаяқтар әртүрлі мемлекеттік органдардың өкілдері ретінде өздерін таныстырып, күрделі сценарий жасайды. Олар өз жоспарында бірнеше адамды қамтиды.

Атап айтқанда, алаяқтар eGov қызметкерлері ретінде хабарласып, азаматтарға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) берілгені немесе басқа да әрекеттер жасалғаны туралы байланысқа шығып жатады. Басқа бір жағдайларда қылмыскерлер Ұлттық банк өкілдері болып хабарласады да, тұрғынның жеке деректерінің қауіпсіздігі бұзылғанын және оның қаражатына қауіп төніп тұрғанын айтып алдайды.

Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Алаяқтар өз сөздеріне сенімділік таныту үшін әртүрлі мемлекеттік органдардың атынан бірнеше рет қоңырау шалуы мүмкін. Кейде олар тіпті бейнеқоңырауларды да қолданады. Қоңырау шалған адам құқық қорғау органы қызметкерінің формасын киіп, мемлекеттік ту ілінген кабинетте отырғандай көрінеді. Осылайша, қылмыскерлер ресми тергеу жүріп жатқандай әсер қалдырып, жәбірленушілердің қаражатын қорғауға көмектесіп жатқанына сендіреді.

Мұндайға жол бермес үшін банктер клиенттеріне үнемі ескерту жасап отырады. Кең таралған алаяқтық схемалардың қатарына банктің қауіпсіздік қызметкері болып таныстырған адамдарды, банк логотипі қолданылған WhatsApp хабарламаларды, сондай-ақ eGov атын жамылып жолданған түрлі көмек түрлерін жатқызуға болады.

Сонымен қатар, алаяқтар Ұлттық қауіпсіздік комитеті немесе Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің қатысуымен «бірлескен операция» жүргізіліп жатқандай сыңай танытып, қаражатты «қорғау» үшін несие алуға немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіру әрекетіне барады.

Курьерлік қызметтердің атынан келетін жалған хабарламалар да айтарлықтай қауіп төндіреді. ҚР Ұлттық банкінің ескеруіне қарағанда, алаяқтар жеткізілімді растау қажет деген сылтаумен адамдардан SMS-кодты сұрауы мүмкін.

Мынаны есте сақтаған жөн: мемлекеттік органдар мен банктер ешқашан сізден ақшаны «қауіпсіз» шоттарға аударуды, жинақтарыңызды қорғау үшін несие алуды немесе қоңырау шалған адамның нұсқауы бойынша бейтаныс қосымшаларды орнатуды сұрамайды. Ұлттық банк қызметкерлері азаматтармен аудио немесе бейнеқоңыраулар арқылы байланыспайды, жеке адамдардың шоттарына қызмет көрсетпейді, сондай-ақ ешқашан құпия сөздерге немесе банк картасының деректеріне сұрау салмайды.

Қарапайым SMS-тің өзі тұзаққа айналуы мүмкін

Алаяқтық хабарламалар әрдайым күдікті көріне бермейді. Кейде олар таныс компаниялардан келгендей көрініп, шынайы хабарламалармен бір тізбекте тұруы ықтимал.

Мұны олар ұялы байланыс желісінің базалық станциясына ұқсайтын «SMS-бластер» деп аталатын арнаулы жабдықты қолдану арқылы жүзеге асырады.

Фото: moyo.ua

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында алаяқтардың төрт күн ішінде Beeline, Kcell және Activ абоненттеріне танымал компаниялардың атынан шамамен 150 000 SMS хабарлама жібергені анықталды.

Хабарламаларда банк картасы деректерін, CVV кодтарын және SMS растау кодтарын сұрайтын алаяқтық веб-сайттарға сілтемелер болған.

Сондықтан хабарлама таныс болып көрінгенімен және оны жіберген адамды білетіндей болсаңыз да, ешқандай сілтемеге баспаңыз немесе құпия ақпаратыңызды енгізбеңіз. Ұйымның ресми қосымшасын немесе веб-сайтын өзіңіз ашып, ақпаратты сол жерден тексергеніңіз қауіпсіз болады.

Ақшаңызды қалай қорғауға болады?

Сарапшылар телефон арқылы сөйлескенде тек сақ болумен шектелмей, банк шоттарыңыз бен жеке деректеріңізді қорғау үшін тиісті шара қабылдауға кеңес берді.

Мәселен, күнделікті шығындар үшін бөлек картаны пайдаланып, онда қомақты қаражат ұстамаған жөн. Қолма-қол ақша алу мен қаражат аударуға күнделікті лимиттер белгілеп, шоттарыңызға қашықтан қолжетімділікті шектеп, сондай-ақ смартфоныңызды биометриялық деректер мен екі факторлы аутентификация арқылы қорғауды ойластырған жөн.

Фото: Kazinform

Әсіресе, телефон арқылы белгісіз қосымшаларды орнату туралы ұсыныс түскен жағдайда сақ болған дұрыс. Мұндай бағдарламалар алаяқтарға құрылғыңызға және банк операцияларыңызды емін-еркін пайдалануға жол ашады.

Тағы бір сақтық шарасы — eGov платформасы арқылы банк несиелерін алудан өз еркіңізбен бас тарту. Әйгерім Ілиясова айтуынша, бұл мүмкіндік алаяқтардан қорғанудың қосымша деңгейі бола алады, әсіресе егде жастағы адамдарға керек.

Дегенмен, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең маңызды тәсілі — психологиялық қысымға берілмеу.

Егер сөйлесіп тұрған адам сізді асықтырса, қорқытуға тырысса, әңгімені құпия ұстауды талап етсе немесе дереу ақша аударуға итермелесе, онда әңгімені тоқтатып, ұйыммның ресми телефон нөміріне байланысқа шығуыңыз керек.

Алаяқтық жолмен рәсімделген несие

Қауіпті схемалардың бірі — адамның сыртынан немесе оған психологиялық қысым жасау арқылы несие рәсімдеу.

Қазақстанда алаяқтық жолмен алынған несиелерді есептен шығарудың белгіленген тәртібі бар. Сарапшының түсіндіруінше, егер қаржы ұйымы несие беру кезінде елеулі заң бұзу деректеріне жол берсе, онда несиені сот процесінсіз әрі жеңілдетілген тәртіппен есептен шығаруға болады. Мысалы, бұл талап міндетті биометриялық сәйкестендіру жүргізілместен несие берілген жағдайларға қатысты. Мұндай кезде зардап шеккен адамның полицияға берген арызы несиені есептен шығару мәселесін қарастыруға негіз болады.

Коллаж: Polisia.kz

Банк несие беру кезінде белгіленген рәсімдерді сақтаған болса да, бұл жеке тадамның өз құқықтарын қорғау мүмкіндігінен айырылғанын білдірмейді. Сотта несиенің алдау немесе психологиялық қысым көрсету арқылы алынғанын дәлелдеуге болады.

Алаяқтық жолмен алынған несие автоматты түрде есептен шығарылмайды. Әрбір жағдай жеке қарастырылады. Бұл ретте нақты мән-жайлар және заңнамада белгіленген рәсімдердің сақталуы ескеріледі.

Мұнымен қоса, ақы төлеу арқылы несиелерді есептен шығаруға немесе қарыздарды реттеуге кепілдік беретін делдалдар да пайда болған.

— Ақысын алып, несиелерді есептен шығаруды ұсынатын немесе қарыздарды реттеуге «кепілдік» беретін алаяқтардан сақ болу керек. Егер несиені есептен шығару қажет болса, қарыз алушы банкке ресми түрде жүгіну арқылы заңнамада көзделген рәсімдерді орындауы тиіс, — деп атап өтті Әйгерім Ілиясова.

Қаржы пирамидасы мен жалған инвестициялық жобаны қалай анықтауға болады?

Алаяқтық сипаттағы инвестициялық жобалар да қарапайым адамдарды шығынға батырып жүр. Мұндай жағдайларда адамдар жоғары табыс алуды көздеп, өз қаражатын басқа біреуге беру туралы шешімді көбінесе өз еркімен қабылдайды.

Сарапшылардың пікірінше, қауіптің басты белгілерінің бірі — жоғары табысқа кепілдік беру. Әсіресе, осындай ұсыныста жылдық кірістіліктің жүздеген пайыздан асатыны туралы уәде болса, сақ болу қажет.

— Инвестициялар (банк салымдарын қоспағанда) «кепілдендірілген» табыс әкеле алмайтынын түсіну маңызды. Кез келген инвестиция тәуекелмен байланысты және ықтимал табыс неғұрлым жоғары болса, тәуекел де соғұрлым жоғары болады. Бұл тұрғыда жарнамаланған табыстылық мөлшерлемесін банк депозиттері бойынша ұсынылатын пайыздық мөлшерлемемен салыстырып көруге болады. Егер уәде етілген табыс банк депозиті мөлшерлемелерінен бірнеше есе жоғары болса, онда мұндай ұсынысқа алданған адамның өз қаражатын жоғалтып алу ықтималдығы өте жоғары, — деп түсіндірді қаржы сарапшысы.

Фото: ҚМА

Сарапшының сөзіне қарағанда, қаржы пирамидасын анықтаудың тағы бір түрі — ол жаңа «инвесторларды» қарқынды тарту ұсынысы. Осы ретте достарды, туыстар мен таныстарды тарту талабы болады. Оларда ресми құжаттама болмайды, сондай-ақ қаражат қабылдаудың стандартты емес әдістерін қолданады, яғни жеке шоттарға аударым жасау немесе криптовалюта әмияндарына қаражат салу және басқа да әдістерді ұсынады.

Жасанды интеллекті арқылы жасалған жарнамалар да қосымша қауіп төндіреді. Алаяқтар дипфейк технологиясы арқылы танымал банкирлер, саясаткерлер және басқа да қоғам қайраткерлері белгілі бір инвестициялық жобаларды қолдап сөйлеп тұрғандай етіп бейнероликтер жасайды. Мұндай жарнамалар өте сенімді болып көрінуі мүмкін, алайда роликте танымал тұлғаның болуы компанияның сенімділігін дәлелдемейді.

Қаражат салмас бұрын ұйымның атауын тексеріп, пікірлерді шолып шығу керек. Осы орайда бұл ұйымның бұрын сот дауларына немесе қылмыстық істерге қатысы болмағанын анықтап, сондай-ақ тиісті лицензиясының немесе тіркеуінің бар-жоғына көз жеткізу керек. Қаржы нарығындағы ұйымдар туралы ақпаратты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтынан тексеруге болады.

Егер күмәнді инвестициялық жобаға ақша аударып қойсаңыз, полицияға хабарласуыңыз қажет. Арыз берген кезде хабарламаларды, банк шоттарынан үзінді көшірмелерді, телефон нөмірлерін, веб-сайт сілтемелерін және өзара әңгіменің аудиожазбалары сияқты материалдарды қоса берген жөн.

Алаяқтық тәсілдерді қалай тексеруге болады

Цифрлық сауаттылықты арттыру және азаматтарды қорғау мақсатында 2026 жылдың 30 қыркүйегінде Антифрод орталығының antifraud.kz ақпараттық сайты іске қосылды.

Платформада кең таралған және жаңадан пайда болып жатқан алаяқтық схемаларға талдаулар, сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік бойынша ұсыныстар бар. Сонымен қатар, сайтта күмәнді жағдайларды анықтауға көмектесетін және алаяқтарға тап болған кезде қалай әрекет ету керектігі жөнінде нұсқау беретін «Фродди» атты жасанды интеллект агенті пайда болды.

Еске салсақ, жақында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Қазақстандағы киберқылмысқа қарсы күрес бойынша түсінік берді.