Алаяқтардың айласы: Тауар несиесін алғандардың тауы шағылады

Фото: Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Интернет-алаяқтар күн сайын түрлі айла тауып, тұрғындарды сан соқтырып жатқаны белгілі. Тіпті, жүзбе-жүз отырып-ақ тұтынушының басын айналдырып, қарызға кіргізіп жіберетіндер аз емес. Мұндай қиын жағдайға тап болған алматылық Фарида Жарылқасынова агенттік тілшісіне хабарласып, бастан өткен оқиғасымен бөлісті.

Қысылған һәм көмек ұсынған сәт

Кәмелетке толмаған екі баласы бар жалғызбасты ана былтыр Ақтау қаласында Азамат есімді жігіттің арбауына түсіп, банкке 1,5 млн теңге берешек болып қалған.

«Ақшадан қысылып, несие алуға бел будым. Бірақ банктер өтінішімді қанағаттандырмады. Азамат есімді жігіт тауар несиесін рәсімдеп, оны қолма-қол ақшаға айналдырып бере алатынын айтты. Әрине, тегін емес. Бұл қызметі үшін несие сомасының 30 пайызын алатынын жеткізді. Ақшадан қатты қысылып тұрған соң келіспеуге амал қалмады. Ақмарал есімді көмекшісі екеуі менің өтініш жазуымды сұрады. Екі-үш күн ішінде тиісті қаражат қолыма тиді. Кейін ойланып, «бұл қаражатты төлей алмаймын-ау» дедім де, қаражатты қайтадан апарып бердім. Несиені жабуды өтінген едім, «өзіміз жабамыз, бара беріңіз» деді. Сөйтіп, алаңсыз Алматыға жол тарттым», - дейді Фарида.

«Берешегіңіз бар...»

Алаңсыз ұйқыны бір-екі аптадан кейін Home Credit Bank мамандары бұзады. Олар несие бойынша мерзімі өткен берешегі бар екенін айтып, Фариданы дүдәмал күйге түсірген.

«Дереу Азаматқа хабарластым. Сөйтсем ол несиені бірден жаппаған екен. Кейін ай сайын несиені жауып жүрді. Бірақ, уақыт өте келе төлеуді мүлдем қойды. «Несиені өзіңіз алдыңыз, өзіңіз төлеңіз» деп өзгере бастады. Тіпті, менің үстімнен арыз жазатынын алға тартып, қорқытты да», - дейді Фарида.

Құқық қорғау органдары үнсіз

Бүгінде Азаматтың телефоны өшірулі. Төленбеген несие 1,5 млн теңгеге дейін өсіп кеткен. Банк қызметкерлері жиі қоңырау шалып, Фаридадан маза кетті.

«Home Credit Bank» мені несие шарты бойынша міндеттемелерді орындаудан қасақана жалтарып отыр деп отыр. Істі коллекторлық қызметке берген. Ол жақтан дөрекі сөйлеп, үркітіп, қорқытып, сес көрсетіп, қарызды қайтаруды талап етіп отыр», - дейді ол.

Фарида әділдік іздеп, Азаматтың үстінен қылмыстық жауапқа тарту, аталған іс бойынша жан-жақты тексеру қажеттігі туралы құзырлы органдарға, атап айтқанда Ақтау қаласының полиция басқармасы, Ақтау қаласының прокуратурасы, ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, «Home Credit Bank» АҚ-ға хаттар жазған.

Алайда, мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Себебі, құқық қорғау органдары жүргізілген тексерістердің қорытындысы бойынша несиені рәсімдеу барысында ешқандай алаяқтық белгілері анықталмағанын алға тартып отыр.

Қаржылық сауаттылықты арттыру маңызды

Фариданың мәселесін «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы Жандос Әзімбайға жеткіздік. Ол мұндай оқиғалар жиі кездесетінін айтты.

Фото: Kazinform

«Мұндай оқиғаларға қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, түбінде «несиені өзіңіз алғансыз, өзіңіз қол қойғансыз, суретіңіз де өзіңіздікі» деп, іс тоқтатылады. Шынымен де, кез келген адам несиені алғанда суретке түсіп, құжаттармен танысып, өзі қол қояды. Қол қойылды ма, жауапкершілік алдыңыз деген сөз. Ол жерде алаяқтық фактілерін дәлелдеу өте қиын. Тіпті, тауарлы несиені қолма-қол қаржыға айналдыру схемасының қатысушысы ретінде тұтынушының үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін», - дейді сарапшы.

Жандос Әзімбайдың айтуынша, қаржылық сауаттылықтың төмендігі салдарынан тұтынушылар тауарлы несие алып, кем дегенде 30 пайыз ұтылады.

«Тұрғындарға тұтынушылық несие берілмегендіктен тауар несиесін ресімдеуге мәжбүр болады. Интернетте тауар несиесін қолма-қол ақшаға айналдырып беру қызметін ұсынатын жарнамалар өте көп. Мұндай несие алған адам екі есе ұтылады. Біріншіден, тауарды онсыз да жоғары пайызбен алады. Екіншіден, қызмет көрсететіндердің ақысы бар. Осылайша, проблеманы шешемін деп одан да үлкен проблемаға кіріп кетеді», - дейді ол.

Сарапшы Фаридаға тұрғылықты мекенжайы бойынша сотқа арыз түсіруге кеңес береді.

«Сотқа арыз беру керек. Мәселенің мән-жайы талқыланып, оң шешім қабылданады сенемін», - дейді Ж. Әзімбай.