Айта кетейік, 2015 жылы Қытайдан 250 этникалық қазақ көшіп келген. Екі жылдан кейін олардың Қазақстанда жалған құжатпен өмір сүріп жатқаны анықталды. Заң бойынша олар елден шығарылуы керек болған. Елден аластату мәселелері де қарастырылып жатқан болатын. Алайда, олар БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы құжаттарын талапқа сай сәйкестендіруді және Қазақстанда қалуларына көмек көрсетуді сұрап, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа жүгінген болатын.
Жуырда Тараз қаласының №2 соты Тараз Ішкі істер басқармасының көші-қон полициясы бөлімшесінің бастығы мен инспекторы Асқан Зейдалиев пен Руслан Қасымовты, сондай-ақ аймақ тұрғындары Руслан Үсеровті, Барша Өсер және Ләйлә Бисенбаеваны ҚР ҚК-інің бірқатар баптары бойынша кінәлі деп тапты.
Оларға Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген 609 шетел азаматына қатысты заңсыз көші-қон ұйымдастырды деген айып тағылды. Айыпталушылар шетел азаматтарына еңбекке араласуға, уақытша тіркеуге тұруға, мекенжай бойынша тіркелуге және ықтияр хат алуға заңсыз рұқсат беріп келген.
Жамбыл облысы ІІД мәліметінше, Қытайдан келген 250 оралман алаяқтық пен делдалдардың құрбаны болды. Қазір олардың барлығы ықтияр хат алуға қайтадан қажетті инстанциялардан өтіп жатыр. 50-ге жуығы ресми тіркеуге тұрып, үшеуі Қазақстан Республикасының азаматтығын алып үлгерді.