Алаяқтармен қалай сөйлесу керек: Министр Мусиннің жауабы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс операторларымен бірге телефон алаяқтарынан түскен қоңырауларды автоматты түрде бұғаттаудың жолын қарастырып жатыр. Бұл туралы ведомство басшысы Бағдат Мусин Үкімет кулуарында БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алаяқтар әдетте шетелден қоңырау шалады. Бірақ қазақстандықтарға отандық нөмірлер көрінеді. Әдейі ауыстырып жібереді. Сондықтан жүйелер шетелдік қоңырауларды оқып, оларды бұғаттайтын болады. Телеком-операторлармен бірлесіп, ауыстырылған нөмірлерді бұғаттау үшін жұмыс жүргізіп жатырмыз», - деді министр.

Айтуынша, ұялы байланыс қызметін ұсынатын екі оператор осындай технологияны тестілеуден өткізіп көрген. Барлық қажетті жұмыстар жүргізілгеннен кейін жүйе біріктіріліп, іске қосылмақ.

«Сонымен бірге стационарлық телефондар арқылы да алаяқтардың жолын кесу үшін «Қазақтелекоммен» бірге жұмыс бастау жоспарланып отыр», - деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ министр алаяқтар өзіне де хабарласқанын айтты.

«Иә, маған да қоңырау шалған. Ондай қоңырауларға беретін жауабым қарапайым. Қоңырау түскен бойда қазақша жауап беремін, олар тұтқаны қоя салады», - деді Бағдат Мусин.