Оған бірнеше мәрте алаяқтық жасады деген айып тағылған. Сотта белгілі болғандай, Жаңбырбаев 2021 жылы «Жету» атты такси қызметіне арналған қосымша жасап, жобаға инвестиция тартқан. Алайда 2024 жылы басқа компания осы жобаны көшіріп алғаннан кейін оның бизнесі тоқтап, қарызы 100 млн теңгеге дейін жеткен. Сотталушының айтуынша, 2025 жылы өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалған соң Дубайға кеткен. Сол жақта жұмыс істеп, берешегінің басым бөлігін өтеген.
Қылмыстық іс бойынша 12 адам жәбірленуші деп танылды. Оларға келтірілген шығын көлемі 13 млн теңгеге жуықтаған. Бүгінде сотталушы осы соманың 11 млн теңгеден астамын қайтарған.
Сот үкіміне сәйкес, Нұрлан Жаңбырбаев Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 4-тармағында көзделген, яғни ірі мөлшерде және бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған бастапқыда 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Дегенмен рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес, жазаның төрттен бір бөлігі, яғни 1 жыл 2 ай қысқартылып, түпкілікті 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді. Оған пробациялық бақылау орнатылып, 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту міндеттелді.
— Сотталушының асырауында бес баласы барын, бұрын сотталмағанын және жасаған әрекетін мойындағаны ескерілді. Оның түзелуіне мүмкіндік бар деп бағалап, қалған екі жәбірленушіге келтірілген шығынды өтеуі үшін бас бостандығынан айыру емес, шектеу жазасы тағайындалды, — деп түсіндірді судья Эльмира Ойқұлова.
Биыл қаңтарда сотталушыға халықаралық іздеу жарияланып, кейін ол Түркияда ұсталды. Кейін елге экстрадицияланды.