Алаяқтық жасап, іздеуде болған Қазақстан азаматы Сауд Арабиясынан экстрадицияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстан Бас прокуратурасы және ІІМ Интерпол қызметкерлері Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Қазақстанның Елшілігінің көмегімен Сауд Арабиясынан алаяқтық және атқарушылық құжатты орындамау бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Қазақстан азаматын экстрадициялады.
Бас прокуратура мәліметінше, күдікті 2018-2023 жылдар аралығында алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы Алматы қаласында жәбірленушілердің 19 миллион теңге сомасындағы ақшалай қаражаты мен мүлкін иемденген. Сонымен қатар ол ұзақ уақыт бойы алматылық коммерциялық компанияның 82 млн теңге сомасына алдын ала төленген тауарды жеткізу бойынша міндеттемелерін орындаудан жалтарған.
Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің жасырынуына байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды.
Осы жылы ол Сауд Арабиясы аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кету керек, күдіктінің экстрадициясы Қазақстан Бас прокуратурасы жасасқан Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы экстрадициялау туралы келісімнің арқасында мүмкін болды.
Бұған дейін кісі өлтіруге оқталған рецидивист Армениядан экстрадицияланғанын жазған болатынбыз.