Алаяқтық соңы жарға жықты

ОРАЛ. Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат - Таяуда алаяқтықпен айналысқан С. есімді 30 жасар азамат тәртіп сақшыларының қолына түсті. Ол бір күнге пәтер алып, өзге біреулерге бір айға жалға берген, деп хабарлайды Орал қалалық ІІБ баспасөз қызметінен Гүлшат Молдағалиева.

Ол Орал қаласы Әбілқайыр хан даңғылындағы үйлердің бірінен 1 тәулікке пәтерді жалға алған. Алаяқтықтың ащы уы ішін күйдірді ме, не қара басқанын үйді сату, сатып алу сияқты хабарландырулар басылатын «Информбиржа» газетін қолына алып, пәтерді жалға алушыларды іздеуге кіріседі. Газеттің әр бұрышында «жалға пәтер аламын», «шұғыл пәтерді жалға аламын» деген сыңайлы хабарландыруларды тауып алып, өзі бір түн түнеуге алған пәтерді саудалай бастаған. Сөйтіп, әрекетін жүзеге асырған алаяқтың үш адам құрбаны болады. Оның бірі 40 000 теңгеге алданса, ал басқа біреулері 30 000 теңгеден берген.

Алаяқ жедел іздестіру шаралары барысында тез арада тәртіп сақшыларының қолына түсіп, қамауға алынды. Қазір осы алаяқтық әрекетке барған азаматтың үстінен ҚР ҚК 177 бабы 1 бөлімі, сондай-ақ, аталған баптың 2 бөлімінің «б» тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті тергеу абақтысына қамауға алынды.