Алаяқтың арбауына түсіп қалмаңыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда елімізде алаяқтыққа қарсы күреске бағытталған жұмыстардың жанданып, жаңа сатыға көтерілгені дау тудырмаса керек. Мұның негізгі себебін күш біріктіре қолға алынып жатқан шаралар тізбегімен түсіндіруге болады. Таяуда ғана Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі мен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі азаматтарға қатысты алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша ақпараттық алдын алу жұмыстарының бірлескен жоспарын әзірлегені есте.

Осы жоспар негізінде бірқатар нақты бағыттар мен міндеттер айқындалып, алаяқтық бойынша Үкіметтің жеке нормативтік қаулысын әзірлеу, мұндай қылмыстардың алдын алу мақсатында ведомстволық интернет-ресурстарда арнайы айдарлар ашу, алдау жолымен жеке мүлікті иеленуге қатысты қылмыстардың жедел мониторингін және осындай қылмыстардың алдын алуға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелері қамтылды. ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Айдар Төкеевтің айтуынша, алдын алу жұмысы қылмыспен күрестің елеулі бөлігін қамтиды. Осыны ескере отырып, тұрғындармен тығыз жұмыс жасайтын учаскелік полиция инспекторларының кездесулерде ішкі істер органдары жүргізетін алаяқтыққа қарсы күрес шаралары туралы азаматтарды ақпараттандырып, алаяқтар қолданатын алдау үлгілерін түсіндіріп отыруы міндеттелген. Ішкі істер министрлігінің веб-сайтында алаяқтық әрекеттеріне қатысты сұрақтармен жүгінген азаматтарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Азаматтық қоғам институттары, ұйымдар және өндіріс орындарымен жұмыстар жолға қойылғандықтан, алаяқтық әрекеттерінен сақтану, өзіндік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кездесулер жиі ұйымдастырылады. «Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, еліміз бойынша биылғы жылдың алғашқы 6 айында 17953 алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың осы уақыттағы көрсеткішімен салыстырғанда 3,7 пайызға артық. Ал, жалпы қылмыстарды пайыздық өлшемімен алғанда алаяқтық фактілеріне 11 пайыз ғана тиесілі. Өңірлер бойынша жіктегенде бұл қылмыс түрлерінің Астана (2262), Алматы (4297) қалаларында, Оңтүстік Қазақстан (1759), Шығыс Қазақстан (1496), Алматы (1161) және Қарағанды (1082) облыстарында көп тіркелгенін байқауға болады», - деді ол. Оның сөзіне қарағанда, алаяқтық әрекеттерінің басым бөлігі жеңіл және орта ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады.

Алаяқтықтың тек 12,6 пайызы ауыр қылмыстар санатынан. Есепке алынған кезеңде алаяқтық істерінің ауыр түрлерінің ашылуы - 44,2 пайызды құрап отыр. Осы қатарда бұрын жасалған 694 алаяқтық қылмысы ашылғанын да айта кеткен жөн. «Тәжірибе көрсеткендей, алаяқтық жолымен жеке адамның мүлкін иемденіп кету көбінесе тауарлар мен қызметтерді тұтыну нарығында орын алып отырады. Бұл жағдайдың жеке әрі заңды тұлғаларға елеулі дәрежеде материалдық және моральдық зиян келтіретіні түсінікті. Алаяқтар тұтынушы несиелерін рәсімдеу қызметтерін ұсыну жолымен халықтың сеніміне кіруге тырысады. Мұндай әрекеттер негізінен газеттерде не өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын жарнамалар арқылы жүзеге асырылады», - деді А.Төкеев. Мәселен, басқарма басшысының айтуынша, алаяқтар әңгіме кезінде кіріс туралы құжаттарсыз қысқа мерзімде кез келген банктен кредит рәсімдеуге көмектесе алатынын айтады. Әлбетте, мұндай жайтта өз қызметі үшін алдын ала ақша талап ететіндігі де сөзсіз. Ал талап еткен сома клиент үшін ақылға қонымды болып көрінеді, себебі ол қажетті қаражаттың 5-10 пайызынан аспайды. Бірақ, құжаттардың көшірмесімен қоса ақша қолға тигеннен кейін алаяқтар көзден ғайып болады. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін қаскүнем «клиенттің» құжаттарының көшірмелерін пайдалана отырып, жеке мақсатта кредит рәсімдейді, ал «клиентке» банктен кредитті төлеу жөнінде хабарлама келіп тұрады. Бұл іс-әрекеттер алаяқтардың торына түсіп қалған азамат әуелде жасалған келісім туралы ұмытқан не кредит алу мәселесі өзектілігін жойған тұста жасалады. «Алаяқтықтан жиі зардап шегетін топ - жасөспірімдер. Тәжірибеде мұндай фактілердің жасөспірімнен қоңырау шалу үшін телефонын немесе айдап көру үшін велосипедін бере тұруын өтіну секілді түрлері кең тараған. Себебі балалар ештеңеден сезіктенбестен өз дүниелерін өзгеге ұстата салуы мүмкін. Ал арам пиғылын жүзеге асырған қаскүнем оқиға орнынан лезде тайып тұруға әрекет жасайды», - деді ол. А.Төкеевтің айтуынша, ақпараттық-коммуникация технологияларының дамуы да өз кезегінде алаяқтық жолымен пайда табуды көздеген жандардың қаруына айналып отырғанын байқауға болады. Себебі соңғы уақыттарда телефон алаяқтығы кең өріс алуда. Бұл алдау арқылы жәбірленуші нақты мекенжай бойынша аударым жасайтын ақшаларды иемдену мақсатында жасалады. Телефон алаяқтары уақыт өткен сайын абоненттерді алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып отыратындықтан, мұндай қылмыстың нақты түрлерін айқындау мүмкін бола бермейді. Дегенмен телефон алаяқтығының кең тараған бірнеше түрі бар. Біріншісі, алаяқ телефон соғып, өз құрбанының жақын туысы қиын жағдайға (есірткімен қолға түсті не ЖКО-ға себепші болды) тап болғаны жөнінде ескертіп, өзі көрсеткен адамға ақша аударуды сұрайды. Екіншісі - жалған компаниялардың әртүрлі акциялар өткізетіні туралы хабарлама жолдау арқылы жасалатын СМС-алаяқтық. Алаяқтық әрекеттері қатарына бірнеше жылдар бұрын пайда болып, көпшілікке қыр-сыры мәлім болған үлгі ретінде «қаржы пирамидалары» жатады. Жылжымайтын мүлік бағытындағы алаяқтық үлгілері де әр алуан. Оларға банктен тиімді баға бойынша кепілдегі мүлікті сатып алу, сатып алу-сату туралы жалған келісімшарттарға отыру, бірлескен бизнес ашуды желеу етіп, кредит алу үшін «құрбанның» пәтерін не үйін банкке кепілге қою секілді әрекеттер жатқызылады. «Ғаламтор өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналғалы бері интернет-алаяқтық ұғымының өзіндік сипаты көріне бастады. Олар: интернет-поштаға көп көлемде ақша ұтқандығы не мұрагерлік және тағы да басқа ақпарат жолдау, арзан бағаға автокөлік және оның қосалқы бөлшектерін сату», - деді басқарма басшысы. Полиция полковнигінің сөзіне қарағанда алаяқтардың негізгі мақсаты өзгенің мүлкін иеленуге бағытталған. Сондықтан азаматтардың алаяқтардың арбауына түспей қырағылық таныта білу маңызды. Бұл ретте құқық қорғау органдары мынадай ақыл-кеңестер береді: Егер сізге туысыңыздың қиын жағдайға (мысалы, оны полициядан немесе басқа да құқық қорғау органдарынан босатуға қатысты) тап болғанын, одан шығу үшін белгіленген сомадағы қаражат қажеттігін айтып қоңырау шалынса, әуелі туыстарыңызға хабарласып, мән-жайды анықтап алуға тырысқаныңыз жөн. Белгілі бір ақшалай соманы ұтып алғаныңыз, акцияның жеңімпазы атанғаныңыз туралы келіп түскен СМС-хабарламаға жауап бермегеніңіз дұрыс. Жылжымайтын мүлікті сату және сатып алу кезінде барлық операцияларды, сондай-ақ ақшалай қаражаттарды қарызға алуды тек нотариус арқылы рәсімдеңіз. Келісімшарттың барлық тармақтарын мұқият оқыңыз. Келісімнің барлық ережелерімен келіскенше және түсінікті болғанша ешқайда қол қоймаңыз. Сізге түсініксіз болса түсіндіруді өтініңіз. Егер де келісімшартың қандай да бір тармағы жазбаша көрсетілмесе, тек ауызша болса, онда сізді алдау әрекеттері жүзеге асып жатқанын түсінуіңіз керек. Әрқашанда компанияның мекенжайын, телефонын және басқа да байланыс түрлерін нақтылаңыз, ол туралы интернет ресурстары арқылы анықтама алуға тырысыңыз. Иә, алаяқтың арбауына түсіп, жиған дүние мүлкіңізден бір күннің ішінде айрылып қалғыңыз келмесе құқық қорғау органдарының жоғарыдағы ақыл-кеңесіне құлақ асқан жөн.