Албаниядағы наразылық: Премьер-министр отставкаға кетуден бас тартты

АСТАНА. KAZINFORM — Албанияның премьер-министрі Эди Рама елде алтыншы күн қатарынан жалғасып жатқан жаппай наразылықтарға қарамастан, қызметінен кетуден бас тартты. Бұл туралы ол жексенбі күні жариялаған бейнеүндеуінде айтты.

Фото: The Globe and Mail

Бастапқыда жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесіне, оқу ақысының қымбаттауына, сыбайлас жемқорлық пен жұмыссыздықтың өсуіне байланысты туындаған наразылықтар біртіндеп өршіп, үкіметке қарсы жаппай шерулерге ұласты.

Албания студенттері 2013 жылдан бері премьер-министр қызметін атқарып келе жатқан Эди Раманың отставкаға кетуін, білім беру саласындағы реформаларды және болжамды сыбайлас жемқорлық схемаларын тоқтатуды талап етіп отыр. Осыған байланысты Тирана мен елдің басқа қалаларында наразылықтар өтіп, шерушілер мен полиция арасында қақтығыстар болды. Наразы топ тас пен жанғыш қоспасы бар бөтелкелер лақтырып, жарылғыш бұйымдар қолданған, тосқауылдарды өртеп, Білім министрлігі ғимараты мен премьер-министр кеңсесі орналасқан ауданға шабуыл жасаған. Полиция наразылық білдірушілерді тарату үшін көзден жас ағызатын газ, су атқыш машиналар мен резеңке оқ қолданды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тәртіпсіздіктер басталғалы бері жүздеген адам зардап шеккен, олардың арасында көптеген полиция қызметкері бар.

Эди Раманың айтуынша, наразылық акцияларының артында Албанияның Еуропа одағына қосылу жолына кедергі келтіруге тырысатын «сыртқы күштер» тұр. Албания Еуропа одағына 2030 жылға дейін мүше болуды мақсат етіп отыр. Премьер-министр үкімет билігі революция арқылы емес, сайлау нәтижесінде ауысуға тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ ол зорлық-зомбылық ел үкіметіне емес, Албанияның еуропалық болашағына қауіп төндіретінін мәлімдеді.

Бұған дейін Албания премьер-министрі тәртіпсіздіктерге сыртқы күштерді айыпты етіп көрсеткені хабарланған болатын.