Әліби Ыдырыс Чикагода UFC келісімшарты үшін жекпе-жек өткізеді

Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Жексенбі, 17 тамызда таңертең қазақстандық жауынгер Әліби Ыдырыс (10-0) UFC келісімшарты үшін кезекті айқасын өткізеді. 

The Ultimate Fighter финалдық шоуы аясында Әліби америкалық файтер Джозеф Моралеспен (12-2) шеберлік байқасады. Жекпе-жек Чикагода (АҚШ, Иллинойс штаты) UFC 319 турнирінде өтеді.

Айта кетсек, бұған дейін қазақстандық жауынгерлер тарихта бірде-бір мәрте TUF жеңімпазы болған емес.

UFC 319 турнирінің басты жекпе-жегінде ресейлік Хамзат Чимаев (14-0) Біріккен Араб Әмірлігінің атынан сынға түсетін Оңтүстік Африка спортшысы Дрикус Дю Плессимен (23-2) кездеседі. 

Оңтүстікафрикалық файтер орта салмақтағы UFC чемпионы атағын жеңіп алған. Алдағы жекпе-жекте белбеуін қорғауына мүмкіндік бар. 

Еске салсақ, бұған дейін бокстан әлем чемпионы және Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосыновтың Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін сәтті бастағанын жазған едік.