Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметтерінше, соттың рұқсатымен күдіктінің 21 пәтеріне, 5 жер теліміне, 7 автокөлігіне, 7 гаражына, 2 дүкені мен қонақүйіне тыйым салынды.
Тергеу мәліметінше, бұған дейін «Альби-Ломбард» ЖШС микроқаржылық қызметпен айналысатын ұйымдардың тізілімінен шығарылып, ломбард қызметін жүргізу құқығынан айырылған. Алайда компания атауын «Альби-КМ» ЖШС деп өзгерткеннен кейін Алматы және Түркістан облыстарында зергерлік бұйымдарды кепілге алып, қарыз бере берген.
Ломбардтар негізінен базарлар мен сауда үйлерінің маңында орналасқан. Клиенттерді тарту үшін кепілге қойылған мүліктің жоғары бағаланатынын және қарыз алудың несие тарихына әсер етпейтінін айтып, жарнама таратқан.
Қарыздар күніне 2 пайыздық өсіммен берілген. Бұл заңда белгіленген 0,3 пайыздық шекті мөлшерлемеден алты есе жоғары. Қарыз шарттары бұрынғы «Альби-Ломбард» ЖШС-нің мөрлері басылған кепіл билеттері арқылы рәсімделген. Ақшалай есеп айырысу қолма-қол және күдіктілердің бақылауындағы жеке кәсіпкерлердің банк шоттары арқылы жүргізілген.
Күдікті әйелге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды. Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Осыған дейн Астанада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардан 124,8 млн теңгеден астам қаржы өндірілгені туралы жаздық.