Алда ҚР Парламенті Жастар Мәжілісіне сайлау болады ? А.Злой

АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Аймақтарда жергілікті жастар мәслихатына депутаттарды сайлаулар аяқталғаннан кейін ҚР Парламенті Жастар Мәжілісіне сайлау болады.

Бұл туралы «Еркін пікір» Мобильді пікірталас клубының отырысында ҚР Парламенті Жастар Мәжілісінің вице-спикері Анатолий Злой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. А.Злойдың атап көрсеткеніндей, Жастар Парламенті Қазақстанда осымен екінші жыл жұмыс істеп келеді. Оның бастамашысы, әрі спикері Мәжіліс депутаты Бақыт Сыздықова. «Жергілікті жастар мәслихаттарына депутаттарды сайлауға бір ай белгіленсе, республикалық Мәжіліске сайлау 1 күнде өтеді. Оның ереже-талаптарына сәйкес әр аймақтық жастар мәслихаты өз қатарларынан 3 кандидатураны ұсынатын болады»,- деді ол. Оның айтуынша, жастар мәслихаттары мен Жастар Мәжілісінің маңызы тек консультативтік-кеңестік орган ретінде болғанымен, аға-буын депутаттардың тарапынан оларды оқытып-үйретуге деген құштарлық жоғары. Өйткені, олар қазіргі жастар мәслихаты мен Мәжілістің мүшелері, ертеңгі күнге үлкен кадрлық резерв екенін жіті түсінеді. Бүгінде жергілікті мәслихатқа мүше жас депутаттар әрбір ересек депутатқа бекітілген. Яғни, мәслихаттың барлық сессияларына қатысып, аймақты дамытуға қатысты қабылданып жатқан маңызды шешімдердің куәсі болу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар жастар қауымы арасындағы түйткілді мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын енгізе алатын билік пен жастар арасын байланыстырушы көпір қызметін атқарады.