Алдағы 5 күнде Өзбекстанда аптап ыстық болады
10:45, 25 Шілде 2024
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 25-29 шілде аралығында Өзбекстанда аптап ыстық болады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзгидрометтің директоры Шерзодхужа Хабибуллахужаның мәліметінше, бұл күндері елдің біраз өңірінде ауа температурасы +40...+43 градусқа дейін, оңтүстік пен шөлді аймақтарда +44...+45 градусқа дейін көтеріледі.
Кей өңірлерде желдің жылдамдығы секундына 13-18 метрге дейін күшеюі ықтимал. Ал жекелеген аудандарда жылдамдығы 20-23 м/с болатын шаңды дауыл тұруы мүмкін.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанда 45 градусқа дейін ыстық болуы ықтимал екенін хабарлаған болатынбыз.