Алдағы 5 жылда сұранысқа ие болатын кәсіп түрлері белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – 2030 жылға қарай кадрларға сұраныстың жалпы көлемі 1,6 млн адам болуы мүкін. Оның ішінде 875 мың адам біліктілік деңгейі орта, кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге тиесілі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Осы орайда, жұмысшы мамандықтар бойынша кадрларға қажеттілік - 403 мың адам. Бұл көрсеткішті жылдарға бағамдасақ:
Жұмысшы мамандарға сұраныс құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеуші өнеркәсіп және денсаулық сақтау салаларында көбірек байқалады. Бұл - шамамен 56%. Атап айтқанда:
Құрылыс саласында жоғары сұранысқа ие мамандықтар ретінше келесі кәсіптерді атап өтуге болады:
- сылақшылар (9 758 адам)
- құрылыс бригадаларының прорабтары (9 477 адам)
- дәнекерлеушілер (7 229 адам).
Ауыл шаруалығында:
- фермерлерге (10 695 адам)
- тракторшылар (7 141 адам)
- ірі қара мал өсіру жұмысшыларына (4 940 адам) қажет болады.
Өңдеуші өнеркәсіпте:
- дәнекерлеушілер (3 342 адам)
- тігіншілер мен киім жөндеушілер (2 606 адам)
- өнеркәсіптік құрал слесарьлері (2 367 адам)
- сантехниктер мен құбыр тартушылар (2 051 адам) барынша сұранысқа ие.
Денсаулық сақтауда жоғары сұраныс:
- орта медициналық қызметкерлердің еңбегі елеулі (24 614 адам)
- жедел жәрдем жүргізушілеріне де сұраныс жоғары (4 604 адам)
- фельдшерлерге де сұраныс аз емес (4 536 адам).
Тұрақты жұмыспен қамту деңгейі қандай?
Халықты жұмыспен қамту – кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бұл мәселенің дұрыс шешілуі халықтың әл-ауқатын арттырып, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Қазақстанда да еңбек нарығын дамыту, жұмыссыздық деңгейін төмендету және халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету - басты басымдықтардың бірі.
- Қазақстанда жұмыспен қамту саласы үнемі дамып келеді. Үкімет бұл мақсатта түрлі бағдарлама қабылдап, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа әрі тұрақты жұмыс орындарын ашуға жағдай жасап отыр. Халықты жұмыспен қамту үшін әуелі жұмыссыз ретінде тіркелгендерді белгілі бір салаға бейімдеу керек. Қысқа мерзімді оқыту курстарынан өткізу маңызды, - дейді министрліктегілер.
Осы ретте халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу іс-шараларын іске асыруда мансап орталықтарының еңбегі зор. Олар кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Кәсіптік оқыту жұмыссыздардың белгілі бір жұмыс түрін орындау үшін қажетті жаңа немесе өзгертілген кәсіптік дағдыларды тездетіп алуға бағытталған және ол кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды.
Бүгінгі күні жұмыссыздарға кәсіптік оқытудың мынадай түрлері ұсынылады:
- шәкіртақы, жол жүруге және тұруға материалдық көмек төлей отырып, жұмыссыздарды білім беру ұйымдарында кәсіптік оқыту. Білім беру ұйымдары «Атамекен» ҰКП-ның Оқу орындары мен оқу орталықтарының тізілімінен айқындалады
- ай сайын жалақы төлей отырып, жұмыссыздарды жұмыс берушідегі жұмыс орнында тәлімгерлер арқылы кәсіптік оқыту
- Skills.Enbek порталында сұранысқа ие дағдыларға онлайн оқыту.
Айта кету керек, жұмыс берушілердің өтініші арқылы білім алған азаматтарды ұсынушы тарап тұрақты жұмыспен қамтуға міндетті. Бұл процесс белгілі бір келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.
– Skills.Enbek порталындағы онлайн оқу олар жаңа дағды меңгергісі немесе біліктілігін арттырғысы келетін кез келген азаматқа қолжетімді. Бүгінгі күні Skills.Enbek порталында 859 курс бар, оның ішінде жұмысшы кәсіптер бойынша 160 курс. Онлайн курстар жаңа дағды алғысы келетін немесе біліктілігін арттырғысы келетін кез келген адамға қолжетімді, – дейді Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Азиз Ибрагимов.
Жауапты министрлік 2025 жылы Skills.Enbek порталындағы курстардың тізбесін VR/AR виртуалды және қосылған шындық технологияларын пайдалана отырып жаңа білім беру бағдарламаларымен толықтыруды жоспарлап отыр.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 67,5 мың жұмыссыз үшін қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары ұйымдастырылған. Оның ішінде:
- білім беру ұйымдарында – 7,8 мың адам
- жұмыс берушідегі жұмыс орнында – 1,9 мың адам
- Skills.Enbek онлайн оқыту - 57,7 мың жаңа маман иесі атанды.
Былтыр жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша білім беру ұйымдарына және жұмыс берушілерге кәсіптік оқытуға жіберілген 9,7 мың адамның ішінен оқуды 8,5 мың адам аяқтады. Соның 7,4 мыңы немесе 87,2%-ы жұмысқа орналасқан.
Білім беру бағдарламаларының әлеуеті
Аталған білім беру бағдарламасының бірі ретінде «JOLTAP» жобасын атап өтуге болады. 2023 жылдың күзінде іске қосылған жоба аясында осы уақытқа дейін 9 мың адам қысқа мерзімді оқу курсынан өткен. Негізгі мақсат – халықтың әл-ауқатын көтеру. Білім алу тегін.
Қала тұрғыны Сәуле Құсманның негізгі мамандығы қаржыгер. Бірақ, ұзақ жылдар бойы бала күтімімен үйде отырғандықтан, дипломының игілігін көре алмаған. Енді ұл-қызы ер жеткен соң, өзін басқа салада сынап көрмекке бел байлаған. Осылайша, баршаға мүмкіндік модульді кешеніне келіп, курстан өтіп, жаңа маман иесі атаныпты.
– Мен желтоқсан айында тігіншілік және сәнгер құрастырушы мамандығын оқыдым. Тігіншілік жаныма жақын. Сондықтан кәсіби түрде бұл мамандықты меңгеруді жөн санадым. Бізге білікті мамандар дәріс оқыды. Қысқа мерзімді курстан білген-түйгеніміз көп. Енді осы салада еңбек етуді көздеп отырмын. Өзім ұзақ жылдар бойы декреттік демалыста болғандықтан, жұмыс істеуге деген құлшынысым жоғары. Оқу барысында елдегі беделді кәсіпорындармен таныстық. Алдағы уақытта солармен келісімшарт жасасып, кәсіп бастаймын деген ойым бар, – дейді ол.
Алғашқыда Цифрлық білімді дамыту бағытында қолға алынған жоба кейін азаматтардың сұранысы бойынша жұмысшы мамандықтарды да тізімге қосқан. Жалпы 17 мамандық бойынша білім береді. Оқу мерзімі 3 күннен 25 күнге дейін. Жобаға 18 бен 50 жас аралығындағы жұмыссыз тұлғалар қатыса алады. Қазір Астана қаласы бойынша 5 жерде модульдік кешен жұмыс істейді. Бұл жердегі кеңесшілер келушілерге жоба туралы толық ақпарат ұсынып, өтініштерін қабылдайды. Айтпақшы, мамандар бұдан бөлек, әлеуметтік бағыт бойынша да сұрақтарға жауап беретіндігін айтады.
– Біз осы жерде келушілерді қысқа мерзімді оқуларға тіркейміз. Әлеуметтік сұрақтар бойынша да ақпарат береміз. Жұмысқа тұру, үй кезегіне тұру сынды мәселелер бойынша да қызметтерімізді ұсынамыз. Келушілер көп. Күніне шамамен 15-20 адамға дейін қызмет көрсетеміз, - дейді «Баршаға мүмкіндік» модульдік кешенінің кеңесшісі Гүлдана Досбол.
Айтпақшы, қала ішін аралай жүріп, «Баршаға мүкіндік» модульді кешендерінің жабық тұратындығын көзіміз шалған еді. Арнайы барып, тексеріп көрдік. Сөйтсек, бұл орталықтардың арнайы белгіленген уақыты бар екен. 10-00 мен 17-00 аралығында жұмыс істейді. Жауаптылардың сөзінше, ашылғалы бері екі жылдың ішінде көптің көңілінен шығып үлгерген. Мәселен, бүгінде бұл жобасы арқылы білім алған 7 мың адам жұмысқа орналасып, мыңнан астамы өз кәсіптерін ашқан.
Алдағы уақытта қандай жаңа мамандықтар пайда болады?
Осыдан 5 жыл бұрын Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіптер мен құзыреттердің атласын әзірлеген. Атласта экономиканың негізгі 9 саласы қамтылған және онда осы 9 салада жаңадан пайда болатын, трансформацияланатын, сондай-ақ жойылатын кәсіптер мен құзыреттердің тізбесі көрсетілген.
Кәсіптер мен құзыреттердің атласы:
- азаматтарға келешекте кәсіптің перспективалы болуын ескере отырып, мамандықты дұрыс таңдауға
- білім беру ұйымдарына қазақстандықтарды жаңа дағдылар мен құзыреттіліктерге оқыту қажеттілігін ескере отырып, білім беру жоспарларын өзектендіруге мүмкіндік береді.
Атласқа сәйкес келешекте Қазақстанда мынадай жаңа мамандықтар пайда болуы ықтимал.
Ауыл шаруашылығында:
- 2025 жылы агроном-экономист және инновациялық биопрепараттар технологі
- 2025-2030 жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін автоматтандыру және роботтандыру жөніндегі инженер (агроинформатик) және робототехника операторы
Құрылыста:
- 2025 жылы цифрлық жобалаушы
- 2025-2030 жылдары - энергия үнемдеу технологияларының инженері
- 2030-2035 жылдары робототехника жөніндегі техник және экологиялық құрылыс материалдарын әзірлеу жөніндегі инженер-технолог
Тау-кен металлургиясында:
- 2025 жылы блокчейн желілерінің әкімшілері, жабдықты жөндеу және жаңғырту жөніндегі супервайзер және логистикалық ағындарды оңтайландыру менеджері
- 2030 жылы жабдықты жаңарту инженері сияқты мамандықтар пайда болады.
Айта кетсек, жуырда Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Сенатта өткен парламенттік тыңдауда жұмысшы мамандық иелерінің айлығы туралы деректер келтірді.