Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында биыл 4 мың шақырым жол ақылы болатынын мәлім етті.
- Жол бойындағы заманауи сервистік объектілерді қалыптастыру үшін QazaqOil, RoyalPetrol және Compass сияқты ірі инвесторлар 400-ден астам нысан салуды және модернизациялауды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Petro Retail компаниясы жол бойындағы сервис нысандарының жүйесін құрады. 2029 жылға дейін 60 кешенді нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 10-ы биыл жүзеге асырылады, - деді ол.
Аталған жобаға 120 млрд теңге инвестиция тартылмақ.
- Аталған компания елімізде бірінші рет халықаралық франшиза негізінде мотель түріндегі қонақүйлер жүйесін қалыптастырады. Яғни, жатын орын, TIR тұрағы, жанармай бекеттері және жүргізушілер мен туристерге арналған бірыңғай сервистік қарастырылған, - деді Марат Қарабаев.
Бұған дейін биыл елдегі автожолдардың ақылы учаскелеріндегі тарифтер орта есеппен 30 пайызға өсуі жоспарланғаны мәлім болған еді.