Алдағы бес жылда Еуропадан Қазақстанға 40 Пржевальский жылқысы әкелінеді
АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев елімізде Пржевальский жылқысын қайта жерсіндіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын баяндады.
Бұрын бұл жылқылар еліміздің 9 облысын (Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, ішінара Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан) мекен еткен.
«Пржевальский жылқысы әлемдік жабайы табиғаттан 1960-жылдардың соңына қарай жойылып кеткен болатын. Алайда, министрліктің халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығының арқасында биыл Қостанай облысындағы «Алтын Дала» резерватына Прага хайуанаттар бағынан алғаш рет 7 Пржевальский жылқысы (6 бие, 1 айғыр) әкелінді. Жалпы 2029 жылға дейін (Чехиядан немесе Мажарстаннан – ред.) 40 жылқы әкелу жоспарланып отыр», - деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Ерлан Нысанбаев Қазақстанға Нидерландыдан жеткізілген жолбарыстардың алғашқы қысы қалай өтіп жатқанын айтып берді.
Сондай-ақ, 1 қаңтардан бастап, Қазақстанда көшпелі цирктер мен зообақтарға тыйым салынады.