– Қазақстан толыққанды цифрлық ел болу үшін барлық қажетті бағыттар қамтылып жатыр. Заманауи цифрлық инфрақұрылымды дамыту, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, жасанды интеллект технологияларын енгізу мен ауқымын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда 6 мыңнан астам ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 3 мыңнан астам ауыл биыл және келесі жылы талшықты-оптикалық байланыс арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі, - деді вице-премьер.
Оның атап өтуінше, осылайша халықтың 99 пайызы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізеді. Алайда оны іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуге толық жәрдем көрсетуі қажет. Әкімдіктерге өз өңірлерінде интернет сапасын мемлекеттік бақылауға және айыппұл салуға өкілеттік берілген.
- Ауылдарға интернет тартумен қатар, ауылдағы әрбір үйге талшықты-оптикалық желісін салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл «Соңғы миль» жобасы деп аталады. Осы жоба аясында 400 мыңға дейін үй шаруашылығына оптика құрылысы көзделіп отыр. Қосымша 2,5 млн адам қамтылады. Әкімдіктерден оптикалық кабельді ілу үшін электрмен жабдықтау тіректеріне қолжетімділікті ұйымдастыру талап етіледі, - деді Жаслан Мадиев.
Айта кетейік, келесі жылы ұшақтар мен пойыздарда интернет қолжетімді болады.