Алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМҚ 9-11 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады.

Фото: Алматы әкімдігі

Баяу жылжитын батыс циклоны Қазақстан аумағының басым бөлігіне ықпалын сақтайды. Соған байланысты ауа райының құбылмалы сипаты сақталады: жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, екпінді және дауылды жел күшейеді, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.

Синоптиктердің болжамынша, қатты жаңбыр 9-11 маусым күндері республиканың солтүстік-батысында және солтүстігінде сондай-ақ 11 маусымда оңтүстік-шығысында күтіледі.

Кезеңнің басында шығыс өңірлерде, ал кезеңнің ортасынан бастап оңтүстік-батыс өңірлерде жауын-шашынсыз ауа райы басым болады.

Күндізгі ауа температурасы:

  • еліміздің батысында 27… 35°С дейін жоғарылайды;
  • солтүстігінде 17… 28°С дейін төмендейді;
  • солтүстік-шығысында және орталығында аптап ыстықтың аздап бәсеңдеуі байқалып, 25… 33°С болады;
  • оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында 27… 35°С шамасында сақталады;
  • шығысында 32… 39°С дейін жететін ыстық ауа райы сақталады.

Ал бүгін Қазақстанның 17 облысы мен Астана қаласында күн райына қатысты ескерту жарияланған болатын.