Алдағы он жылда Шымкент халқының саны 2 млн-ға жетеді
ШЫМКЕНТ. KAZNFORM — Шымкент — Қазақстандағы үш мегаполистің бірі. Мұнда елдегі екінші ірі агломерация қалыптасып келеді.
Қала 2018 жылғы 19 маусымға дейін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болды.
Содан облыстың әкімшілік орталығы Шымкенттен Түркістанға ауыстырылды. Ал, Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алды.
Осы күннен бастап қала республикалық маңызы бар әкімшілік-аумақтық бірлік мәртебесіне ие болып, елдің 17-ші дербес өңіріне айналды.
Бүгінде Шымкентте 1 200 000 астам адам тұрады. Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда тұрғыны жөнінен 3-ші орында. Сонымен қатар, Шымкент Қазақстанның негізгі өнеркәсіп, сауда және мәдени орталықтарының бірі.
2020 жылы Шымкент қаласы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесіне ие болды. Қазіргі таңда Шымкент 5 әкімшілік ауданнан тұрады.
Атап айтқанда, Абай, Еңбекші, Әл-Фараби, Қаратау және Тұран ауданы әкімшілік-аумақтық бөлінісі арқылы басқарылады. Географиялық тұрғыдан алғанда Шымкент Қазақстанның оңтүстік бөлігінде Өзбекстан астанасы Ташкенттен небәрі 124 шақырым жерде орналасқан.
Мұндағы жылдық орташа температура +13°С. Аймақтың күнрайы қалыпты, климаты өмір сүруге де, кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға да қолайлы.
Халық саны және көші-қон
2025 жылдың 1 ақпанында Шымкент қаласы тұрғындарының саны 1 258 800 адамды құрады. Қала дамуының бас жоспарына сәйкес халық саны 2035 жылға қарай 1,9 миллионға жетеді деп болжанған.
2025 жылдың қаңтарында Шымкентте 1986 сәбидүниеге келді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,1 пайызға төмен.
Мерзім ішінде өлім-жітім де 14,8 пайызға төмендеп, 408 адамды құрады. Көрсеткіштердің біршама төмендеуіне қарамастан, оң көші-қон айырмасы қалыптасты. Халық санының өсуіне негізгі үлесті де ішкі көші-қон қосып отыр, ол 1023 адам болды (алдыңғы жылы 2 278 болған).
Сыртқы көші-қон 14 адаммен толықты, бұл көрсеткішті 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, жоғары екендігін аңғарамыз (9 адам). Бір жыл ішінде Шымкент қаласын 22 мыңға жуықадам тұрақты тұрғылықты жері ретінде таңдаған.
Сондай-ақ, қалада 42 654 шетелдік уақытша тіркеуге тұрған. Оның 39 418-і Өзбекстаннан келген.
Жұмыспен қамту және табыс деңгейі
2024 жылдың төртінші тоқсанының қорытындысы бойынша қалада жұмыссыздар саны 22,5 мың адамға жетті. Ал жұмыссыздық деңгейі жалпы жұмыс күшінің 4,8 пайызын құрайды.
2025 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша ресми тіркелген жұмыссыздар саны 16 060 адамға дейін қысқарды.
Шағын кәсіпорындар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоспағанда, орташа айлық номиналды жалақы 330 193 теңгеге жетті. Жан басына шаққандағы орташа номиналды ақшалай кіріс 141 625 теңгені құрады.
Экономика
Қалада 26 684 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі (заңды тұлға) тіркелген. 2024 жылы жалпы өңірлік өнім 2,9 трлнтеңгеге дейін өсті.
Өндіріс саласының үлесі жалпы өңірлік өнімнің 23,1 пайызын, ал қызмет көрсету саласының үлесі 70,3 пайызды құрады.
Тұтыну бағасының индексі жыл басынан бері 2,6 пайызға өскен. Ең байқалатын өсім азық-түлік тауарларының бағасы болды, ол 4,8 пайызға қымбаттады. Сондай-ақ, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 0,8 пайызға өсті.
Халыққа ақылы қызмет көрсету құны 1,8 пайызға жоғарылады.
Өнеркәсіп саласында да өңдеуші кәсіпорындар бағасының өсуі байқалды. Өткен жылғы желтоқсан мен биылғы ақпан айындағы көрсеткіштерді салыстырғанда 1,1 пайызға өскенін аңғарамыз.
Өңірдегі сауда белсенділігі артып келеді. 2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында бөлшек сауда көлемі 125,8 млрд теңге болды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 7,8 пайызға жоғары. Көтерме сауда көлемі де өсім көрсетіп, 179,4 млрд теңгеге жетті.
Ұлттық статбюро мәліметінше, 2025 жылдың қаңтарында ЕАЭО елдерімен өзара сауда көлемі 30,8 млн долларды құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,4 пайызға аз.
Экспорт көлемі 23,5 пайызға төмендеп, 6,3 млн долларға жетті. Импорт та 27,1 пайызға азайып, 24,5 млн долларды құрады.
Экономикалық даму стратегиясы аясында Шымкентте кәсіпкерлікті қолдау мақсатында индустриялық аймақтар құрылды.
Осының негізінде 225 млрд теңгенің 293 жобасы жүзеге асып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
2023 жылы Шымкентте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің бейресми кездесуі өтті.
Көшбасшылар өзара сауданы дамыту, инвестиция тарту және өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Қаржыландыруда өсім жоғары
Шымкенттің 2025 жылға арналған бюджеті 850 млрд теңгені құрады. Қаражат әлеуметтік міндеттемелерге, білім беруді, денсаулық сақтауды дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, жұмыс орындарын құруға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталады.
Тұрғындарға баспана сатып алуға көмектесу үшін тұрғынүй сертификаты бағдарламасына ерекше назар аударылады.
Шымкенттің үш жылдық бюджеті 2 трлн теңгеге таяп қалды. Ол бірнеше негізгі кіріс көздерімен қалыптасады:
- Салық түсімі — 351,9 млрд теңге.
- Салықтық емес түсімдер — 13,1 млрд теңге.
- Негізгі капиталды сатудан түсетін түсім — 19,1 млрд теңге.
- Республикалық бюджеттен 302,1 млрд теңге трансферт қарастырылады.
Жалпы шығын көлемі 693,8 млрд теңге деңгейінде жоспарланған. Бюджет аясында 10 млрд теңге көлемінде таза бюджеттік несиелеу қарастырылған, оның ішінде 10,9 млрд теңге көлемінде несие беру және 840 млн теңге көлемінде несиелерді өтеу көзделген.
Қаржы активтерімен жасалатын операциялар бойынша сальдо нөлдік күйінде қалады. 17,6 млрд теңге көлеміндегі тапшылық толық көлемде қарастырылған қаржыландыру тетіктері есебінен жабылады.
Құрылыс
Бір жыл ішінде Шымкентте аяқталған құрылыс жұмыстарының көлемі 27 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 42 пайызға артты.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 28 мың оқушыны қабылдайалатын 18 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.
Бұл, әсіресе, білім ошағы жоқ және мектепте орын ташылығы жоғары 13 тұрғылықты аумақ үшін тиімді болмақ.
Туризм
Шымкент табиғи және тарихи орындарға жақын орналасқандықтан бірегей туристік әлеуетке ие. Қала бес жұлдызды қонақүйлерден бастап заманауи хостелдерге дейін әртүрлі орналастыру нұсқаларын ұсынады.
Шымкентте барлығы 147 орналастыру орындары, сондай-ақ түрлі мәзір концепциясы бар көптеген қоғамдық тамақтану орындары бар.
Қала мен облысқа келушілер үшін түрлі бағыттағы туристік маршруттар әзірленген: белсенді демалыс, қажылық, спорттық, сауықтыру және ойын-сауық туризмі.
Visit Shymkent туристік ақпараттық орталығы саяхатшыларға аймақта уақытты ыңғайлы жоспарлауға және өткізуге көмектеседі.
2024 жылы Шымкентке 387 мың турист келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға артық. Қонақ үйлермен басқа орналастыру нысандары көрсеткен қызмет көлемі 8,3 млрд теңгеге жетті.
Туризм инфрақұрылымына құйылған инвестиция 73,8 млрд теңге болды. Қаланың көлік саласында елеулі өзгерістер болды: жаңа әуежай ашылып, теміржол вокзалының жөндеу жұмыстары аяқталды.
Жалпы сомасы 14,2 миллиард теңгені құрайтын жеке инвестицияның арқасында жеті жаңа қонақүй салынып, 240 жаңа жұмыс орны ашылды.
Қазақстан Президенті Шымкент қашанда тұрғындарының ерекше жылылығымен және жомарттығымен ерекшеленетінін атап өткен болатын.
— Шымкент — ұлттық дәстүрлердің қайнар көзі, құнарлы бесігі. Мұнда мәдениеттің және ұлттық этикеттің ең озық көріністері біртұтас түрде тоғысқан. Мұнда үлкенге құрмет, кішіге ізет ешқашан өзгермеген. Сондықтан да осы көрікті қаланың тұрғындары Жерұйық деп аталатын қасиетті мекенде өмір сүріп жатыр деп нық сеніммен айтуға болады, — деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Шымкент қаласында жүр.