Алдағы үш күнде жаңбыр жауып, жел тұрады - Қазгидромет

АСТАНА. KAZINFORM - «Қазгидромет» РМК 2026 жылғы 2–4 мамырға арналған ауа райы болжамын ұсынды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Синоптиктердің мәліметінше, атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде күн құбылмалы болады. Көп өңірде найзағай ойнап, жаңбыр жауады.

Оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтарда, сондай-ақ 4 мамыр күні солтүстік-батыста нөсер жаңбыр жаууы ықтимал. Кей жерлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғуы мүмкін. Түнгі және таңғы уақытта республика бойынша тұман түсуі ықтимал.

Батыс, солтүстік-батыс, солтүстік және орталық өңірлерде түнде 3 градусқа дейін үсік жүреді.

Күндіз ауа температурасы біртіндеп көтеріледі:
батыста 17… 32,
солтүстік-батыста 15… 30,
солтүстікте 15… 23,
орталықта 17… 27 градусқа дейін жетеді.

Ал шығыс пен оңтүстік-шығыста күндізгі температура төмендеп, тиісінше 14… 25 және 13… 23 градус шамасында болады.

Осыған дейін ТЖМ табиғатта және су жағасында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.