Алдағы жылдары тауар экспорты қаншалықты артады

АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы жылы Қазақстанда оң сауда балансы сақталады. Бұл туралы Құрылтайда 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстыру кезінде Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин айтты.

Фото: Anadolu

- Тауарлар экспорты болжам бойынша 2027 жылы 82,8 млрд АҚШ долларынан 2029 жылы 88,5 млрд АҚШ долларына дейін, импорт – 80,5-тен 88,4 млрд АҚШ долларына дейін өседі. Инфляцияның болжамды дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5 пайыз, 2028-2029 жылдары 6-8 пайыз деңгейінде анықталған, - деді А. Әмрин.

Сонымен қатар ол макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2027–2029 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылғанын айтты. Бюджетті болжау 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген бюджет қағидалары мен нысаналы бағдарларға негізделді.

- Республикалық бюджет кірістерінің болжамын есептеу кезінде өткен жылғы нақты атқарылуы және осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша бағалау база ретінде алынды. Кірістер 2027 жылы 19,9 трлн теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 10 пайыз деңгейінде болжануда. Осы жылғы бағалаумен салыстырғанда 2,8 трлн теңгеге өседі. Кірістердің негізгі ұлғаюы мына факторлар есебінен болжанды: экономиканың өсуі 1,6 трлн теңге шамасында, қосалқы құн салығын қайтару сомаларының төмендеуі 1,1 трлн теңге, сондай-ақ басқа да факторлар 0,5 трлн теңге деңгейінде болады, - деді вице-министр.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Құрылтайда 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы таныстырылды.