Алдағы 2 жылда өңірлерге салықтан түсетін қаражат көбірек беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат –2025 жылдың соңына дейін өңірлерге берілетін қосымша салықтар мен төлемдердің көлемі 2 есе ұлғаяды. Мұндай деректер Ашық НҚА порталында жарияланған «Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында» келтірілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжатта көрсетілгендей, Жергілікті өзін өзін басқаруды дамыту тұжырымдамасын орындау аясында мына жұмыстар қолға алынады:

- мәслихаттың тексеру комиссиялары мүшелерін төрағаның ұсынуы мен Жоғары аудиторлық палатаның келісімі арқылы тағайындауды енгізу;

- барлық деңгейдегі мәслихаттар жұмысының тиімділігін арттыру;

- әкімшілік-аумақтық құрылысты жетілдіру;

- 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында әкім аппараттарын жергілікті өзін-өзі басқару әкімшілігі етіп қайта құруға бағытталған пилоттық жобаны іске асыру;

- Қалаларда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту;

- Азаматтарды жергілікті өзін-өзі басқару ісіне тарту.

Осы жұмыстарды жүйелі жолға қою есебінен мына нәтижелерге қол жеткізу жоспарланып отыр:

- 2024 жылға дейін Қазақстандағы аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің 25%-ын тікелей сайлау;

- 2025 жылдың соңына қарай бюджеттің IV деңгейіндегі өткізілмеген мемлекеттік сатып алулар көлемін 2023 жылмен салыстырғанда 3 есеге азайту;

- 2025 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттің IV деңгейіндегі салықтық және салықтық емес түсімдерді (қосымша салықтар мен төлемдерді беру есебінен) 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе арттыру.

«Жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін күшейтуге, ауылдық округтер әкімдерінің өкілеттіктерін кеңейтуге, әкімдерді сайлау процесін жетілдіруге мүмкіндік береді», - деп Ұлттық экономика министрлігі тұжырымдамаға түсіндірме берген.

Құжат 26 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауда болады.

Еске салайық, осы айдың басында Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аудандар мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау механизмін өзгерту бастамасын көтерген болатын.

«Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», - деді Президент.