Алдағы 20 жылда әлемдік энергетикада көмірдің үлесі қандай болмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы 20 жылда адамзат жаһандық энергетикада қолданыстағы ресурстық базаны сақтайды. Бүгін елордада энергетикалық шешімдер мәселесіне арналған конференцияда «KAZENERGY» қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин осылай мәлім етті, деп хабарлайдыҚазАқпарат.

Атап айтқанда, халықаралық энергетикалық агенттіктің зерттеуіне қарағанда, 2040 жылға қарай энергияны жаһандық тұтыну деңгейі 30 пайызға артады деп күтілуде. Саладағы тиісті эволюцияға қарамастан, жаһандық энергетика ұзақ уақыттан бері өзінің ресурстық құрылымын сақтап келеді және алдағы 20 жылда бұл бағытта түбегейлі өзгерістер болмайды деп күтілуде.

ExxonMobil компаниясының соңғы болжамына сүйенсек, 2040 жылға қарай тұтынылатын энергия ресурстарының 57 пайызын мұнай мен газ құрайды, тағы 20 пайызы көмірге тиесілі болмақ. Яғни әлемдік сұраныстың үштен екі бөлігі қазба байлықтарының үлесінде шоғырланады.

«Шамамен осыған ұқсас ара салмақ KAZENERGY-дің ұлттық баяндамасында жазылды. Ол мәліметтер қыркүйектің басында таныстырылмақ», - деді Ұзақбай Қарабалин.

KAZENERGY деректеріне қарағанда,энергия ресурстарына сұраныстың географиясы индустрияландыру белсенді жүріп жатқан өңірлерге қарай ауысуда, бұл тұрғыда Қытай, Үндістан, Оңтүстік Шығыс Азия елдері байқалып отыр. Есептеулер бойынша 20 жылдан кейін Қытай мен Үндістанда мұнайға сұраныс барша Экономикалық ынтымақтасық және даму ұйымына мүшелерімен тең болады.

Белгілі болғандай, мұнай және газсаласында шикізатты жеңіл өндірудің дәуірі аяқталып келеді. 2020 жылдан бастап көмірсутектердің ауқымды трансформациясы басталады.

«Қазіргі кезде басым әрі қолданыстағы кен орындары өндірісте айтарлықтай өзінің үлесін қысқартады. Жаңа кен орындары енді ғана коммерциялық пайдалану кезеңін бастауда», - деп түсіндірді Ұ.Қарабалин.

Бұдан бөлек ол көмір саласында экологиялық таза технологияларды енгізуде елеулі шығындар бар екенін атап өтті. Мәселен, осындай технологиялардың жаңа нұсқалары Азияда алдағы он жылдықта енгізілуі мүмкін, алайда көмірдің тоннасы 150 доллардан артық болған жағдайда ғана аталған өзгерістер болуы ықтимал. Бұл көрсеткіш көмірді тұтынатындар үшін қолайлы бағаға қарағанда екі есеге жоғары.

«KAZENERGY-дің ұлттық баяндамасы аясында жүргізілген есептеуге сүйенсек, қарқынды өсімге қарамастан, әлемдік электр энергетикасында жел және күн энергетикасының жиынтық үлесі 2040 жылы 16 пайызға жуық болады. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 6 пайызға тең. Өкінішке қарай, толыққанды жаңаратын энергия көздері әлемдік энергетикада алдыңғы қатарлы рөлге ие болмай отыр. Осы орайда бізге бұл қарқынды барынша арттыруға тың жолдар мен әдістерді зерделеу керек», - деді Ұзақбай Қарабалин.

Оның пайымынша, әлемдік энергетикадағы белсенді дамудың өзінде де 2040 жылы ғаламшардағы жарты миллиардқа жуық адамды электр энергиясыз қалады. Сонымен қатар тағы екі миллиардқа тарта адам ас-суымен тағамдарын даярлау үшін қазба отынын пайдалануды жалғастырады.