Алдағы 3 жылда ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлердің бәрі зерттеледі

АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Алдағы 3 жылда ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлердің бәрі зерттеледі. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен селекторлық кеңесте Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров мәлім етті.

«Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылатын жерлердің жағдайын айқындау, есептік мәліметтерге олардың нақты аумағын белгілеу және оларды тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар дайындау мақсатында 2012-2014 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу көзделеді. Бұл шараны жүзеге асыру жұмыстары 3 жылға бөлінген және осы уақыт аралығында еліміздегі барлық ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлер зерттеледі. Бұл ауқымды жұмысты шын мәнінде 1 жыл аралығында атқару мүмкін емес», - деді Қ. Отарбаев.

Агенттік төрағасының айтуынша, жұмыс жоспарына сәйкес, ағымдағы жылы 300 млн. гектар жерді түгендеу көзделген. Барлық өңірлер бойынша жұмыстар бекітілген кестеге сай жүзеге асуда.

«Бұндай ауқымдағы жүйелі шара елімізде алғаш рет өткізілгелі отыр», - деді агенттік төрағасы.