Алдағы 5 жыл көлемінде тікұшақ-таксилер пайда болуы мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу билігі алдағы уақытта тікұшақтарға арналған қону алаңдарын орналастыру сызбанұсқасын жасап шығаруды жоспарлап отыр. Олардың кейбірі Мәскеу айналма жолының маңына салынады.

Олар тек төтенше жағдайлардың салдарын жою, жол апатынан зардап шеккендерді жылдам алып кету, құқыққорғау, ормандарды қорғау, экологиялық мониторинг сияқты арнайы авиация қажеттіліктері үшін ғана емес, сонымен қатар қоғамдық тасымалдаудың әуе нұсқасын іске асыру үшін де пайдаланылатын болады. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.

Мәскеу айналма жолына Мәскеу облысы жағынан келетін жерге он тікұшақ алаңын орналастыру жобасы қазірдің өзінде қабылданып қойған. Бұлардың саны Мәскеу қаласы жағынан да көбейтілетін болады. Жалпы жобаны алдағы бес жылда толықтай іске асыру жоспарланған.

Айта кетейік, тікұшақ тасымалдары туралы бастаманы ең алғаш рет 2012 жылы сол кездегі Мәскеу облысының губернаторы Сергей Шойгу көтерген болатын. Алайда бұл бағытта жұмыстар атқарылмай тұрған.