Алдағы 5 жылда алюминий мен өзге де түсті металдарға деген баға жыл сайын 4 пайызға артып отырады - Елбасы
Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан минералдық ресурстар мен металургия жөніндегі 1-ші қазақстандық халықаралық конгресс барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
Президенттің сөзіне қарағанда, жақында ғана Павлодарда іске қосылған электролиз зауытының өнім шығару мүмкіндіктері 250 мың тоннаға жетті. «Мұндай көрсеткіш бұрын бізде болмаған. Ең бастысы, осы жобаның аясында аймақтарда шағын және орта кәсіп дамып отыр. Сондай-ақ алтын өндіретін «Алтын тау» фабрикасы жылына 15 тонна өнім өндіреді. Өскеменде мыс шығару жұмыстары жолға қойылса, Павлодар мен Ақтауда құбыр шығаратын зауыттар пайда болды. Ақтөбеде темірді қалпына келтіретін зауыт іске қосылады. Бұл тізім осылайша кете береді», деді Президент.
Елбасының айтуынша, металлургия саласының қуаты жаһандық нарықтың ең басты екі бағыты бойынша дамуда. «Біріншіден, металлургия өнімдеріне деген сұраныс пен баға өсіп отыр. Біз бұл үдеріс осылайша жалғаса береді деген үміттеміз. Себебі, экономиканы металсыз қалпына келтіру мүмкін емес. Қазіргі таңда әлемнің көптеген сарапшылары алдағы уақытта көптеген металдарға деген бағаның өсетінін болжап отыр. Екіншіден, металға деген сұраныстың
өсуімен қатар оған қатысты талап та артуда. Айталық, жоғары технологияларды қарқынды дамытуға, ғарыштық бағдарламаларды жүзеге асыруға, ядролық ренессанс пен машина құрылысы, құрылыс индустриясы сияқты салалар сапалы әрі мықты өнімдерді қажет етуде. Сондықтан металдың сапа стандарты өсіп, жаңа жоғары технология негізінде балқытылған өнімдерге сұраныс артуда. Сирек кездесетін металдарды пайдалану жағдайы жиілеп отыр», деді Мемлекет басшысы.