Алдағы 7 жылда агроөнеркәсіп кешеніне 20 млрд. доллар бөлінеді - Қ.Көшербаев

None
АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алдағы 7 жылда агроөнеркәсіп кешеніне 20 млрд. доллар бөлінеді.

Бұл туралы бүгін Астанада Халықаралық эпизоотиялық бюроның (ХЭБ) аймақтық семинарында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев мәлім етті.

«Президент тапсырмасымен Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылатын болады. Алдағы жеті жыл ішінде елдің агроөнеркәсіп кешенін ілгерілетуге 20 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы бөлу жоспарланған. Мұнда қаржылық сауықтыру және агроөнеркәсіптік кешенге қажетті ресурстардың қолжетімділігімен қатар, фитосанитария мен ветеринария салаларын мемлекеттік қолдау шаралары жасалады», - деп атап өтті вице-премьер.

Оның айтуынша, осы тұрғыда ХЭБ-пен арадағы әріптестік Қазақстан үшін аса маңызды басымдықтардың бірі болып отыр.

«Бұл Орталық Азия аймағындағы барлық мемлекеттер үшін жақсы үлгі болады. Аталмыш ауқымды жобаны іске асыруда әлемдік стандарттарға сай болу үшін Халықаралық эпизоотиялық бюроның үлкен қолдауы қажет. Сондықтан көрсетіп отырған қолдауы үшін, әріптестігі үшін ХЭБ басшылығына алғысымды білдіремін. Бір-бірімізге қолдау көрсету арқылы біз алдымызда тұрған міндеттерді тиімді шеше аламыз», - деді Қ.Көшербаев.

Айта кетейік, ХЭБ-тің аймақтық отырысы «Шығыс Еуропа елдері контекстінде ветеринария саласындағы қоғамдық бірлестіктер» тақырыбында өтті. Оған аймақтық комиссия мен Еуропалық Одақ сарапшылары, Дүниежүзілік банк өкілдері, сонымен қатар 15 елдің ветеринарлық қызметтерінің және басқа да халықаралық ұйымдардың мамандары қатысты. Семинар аясында ветеринарлық қызметтердің заңнамалық базасын жетілдіру, малдардың денсаулығын қорғау және сауықтыру, ХЭБ-пен арадағы екіжақты келісімдердің негізінде жасалған бағдарламаларды іске асыру мәселелері қарастырылды.