Алдағы аптадағы ауа райының болжамы - Қазгидромет

АСТАНА. Сәуірдің 25-і. ҚазАқпарат - Алдағы аптаның бірінші жартысында Ресейдің солтүстік-батысынан келетін атмосфералық ауа ағыны Қазақстанның көптеген облыстарындағы ауа райына әсер ететін болады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазгидромет» орталығына сілтеме жасап. Батыс өңірде аптаның соңында жауын-шашын болуы ықтимал, қалған күндері күн ашық болады. Ауаның температурасы түнде минус 0-5 градустан плюс 1-6 градусқа дейін, күндіз 7-12 градустан 13-18 градусқа дейін, ал кей жерлерде 16 градустан 23 градусқа дейін жылиды. Солтүстікте ауа райы бұлтты, жауын-шашынды болады, тек аптаның ортасына қарай аспан ашылуы мүмкін. Түнде ауаның температурасы 0-5 градус, кей жерлерде 8 градус суықтықты шамаласа, күндізгі ауаның температурасы 0-5 градустан 5-10 градусқа, кей жерлерде 8 градустан 13 градусқа дейін жылиды. Орталық облыстарда аптаның бірінші жартысында қатты жел тұруы мүмкін. Термометр бағаны түнде -0 - 5 градус суықтықты, кей жерлерде 0-5 градус жылылықты көрсетсе, күндізгі ауа райы 2-7 градустан 10-15 градусқа дейін, кей аудандарда 12 градустан 18 градусқа дейін жылиды. Республиканың шығысында ауа райы бұлтты болады, жауын-шашын болып, қатты жел тұрады. Ауаның температурасы түнде 2-7 градус жылыдан 2-7 градус суыққа дейін төмендесе, күндіз 5-10 градусқа, кей жерлерде 13 градусқа дейін жылиды. Оңтүстік өңірде аптаның басы мен соңында найзағай ойнайды, жауын жауады. Температура түнде 3-8 градустан 6-11 градусқа дейін жылы, күндіз 10-15 градустан 15-20 градусқа дейін жылиды, кей жерлерде 23 градусқа дейін ысиды. Оңтүстік-шығыста аптаның бірінші жартысында жауын-шашын болады, батыстан жел соғады. Ауаның температурасы түнде 2-7 градустан 5-10 градусқа дейін, күндіз 10-15 градустан ? 15-20 градусқа дейін жылиды.