Биыл қазақстандықтар өзі таңдаған медициналық мекемені Интернет (www.egov.kz «электрондық үкімет» сайты) арқылы да бекіте алады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиева мәлім етті.
Айта кетейік, елімізде 2010 жылдан бастап әр азаматқа медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы берілді. Егер науқас тұрғылықты мекен-жайын, жұмысын өзгертсе немесе басқа емхана қызметі ұнаса, онда аталған құқығын пайдалана алады.
Департамент директорының айтуынша, азамат өзі тіркелген емханасының қызметін лайықты көрсе, бұл науқанға қатыспауына болады.
«Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі барша елімізде тұрғындарды емханаларға еркін тіркелу шарасының басталғанын хабарлайды. Бұл жыл сайын өткізіліп отырады. Атап айтқанда, заңнамаға сәйкес еліміздің әрбір азаматы медициналық ұйымды өз еркімен таңдауға құқығы бар. Осы орайда бұл науқан кезінде кез келген азамат өзі емделіп, тексерілетін медициналық ұйымды әр жыл сайын таңдауға мүмкіндігі бар»,-деді департамент директоры.