Алдағы бес жылда 3 мыңнан астам балабақша мен 400-ден астам жаңа мектеп салынады - Н. Назарбаев
«Барлық құқық қорғау органдарына қатысты реформаларды тереңдету міндетін біз ары қарай жалғастыратын боламыз. Сыбайлас жемқорлықпен де күрес күшейе түседі», - деді Елбасы.
Бұдан бөлек, Президент алдағы бес жыл барысында 3 мыңнан астам балалар бақшасы мен орталықтары ашылатынын, 400-ден кем болмайтын мектептер салынатынын атап өтті. Елбасының айтуынша, осы нысандар еліміздегі білім беру жүйесінің 12 жылдық кезеңге көшуін қамтамасыз ететін болады. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша 300-ден астам жаңа нысандар салынады.
«2017 жылы базалық зейнетақылық төлем, атаулы мемлекеттік көмек күн көрістің ең төменгі мөлшерінің 60 пайызынан кем болмайды. Алдағы 5 жылда ауылға арналған шағын несиелеу бағдарламасы жүзеге асады. Осы уақыт аралығында кем дегенде 24 млн. шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысы қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар, осы кезең барысында барлық қалалар 90 пайызға дейін орталық сумен жабдықтаумен қамтамасыз етіледі», - деді Президент.