Алдағы екі жылда елорда аумағында 40 мектеп салынады – Жеңіс Қасымбек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада екі жылда 40 мектеп салу жоспарланып отыр. Мұны Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде елорда әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алдағы 2 жылда 40 мектеп салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, 11 мектеп жаңа оқу жылы ішінде пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы 24 мектеп салынады. Жыл сайын қалада ішкі көші-қон мен бала туу есебінен халық саны артып келеді. Мәселен, егер мектепті орта есеппен 8-10 мың түлек бітірсе, жаңа оқу жылында 24-25 мың бала мектеп табалдырығын аттайды. Оқушы орындарымен қамту үшін мектептер салу бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз», - деді елорда әкімі.

Жеңіс Қасымбек мектептер Астананың барлық аудандарында, оның ішінде жақын маңайда орналасқан елді мекендерде де салынып жатқанын айтты.