Алдағы күндері Үкімет есірткіге қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын бекітеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2016 жылдан бастап Қазақстанда есірткіге қарсы іс-қимылды реттейтін арнайы құжат болған жоқ. Бұл туралы Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда 2016 жылдан бастап есірткіге қарсы іс-қимылды реттейтін арнайы құжат болған жоқ. Сондықтан былтырғы Жолдауымда кешенді жоспар дайындауды тапсырдым. Алдағы күндері Үкімет осы маңызды құжатты қабылдайды. Оның шеңберінде жүйелі жұмыс жүргізілетін болады. Тәжірибелі заңгер Серік Ақылбай көтерген құқықтық сананы қалыптастыру мәселесі де өзекті. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру өте маңызды. Сонда әркім өз құқығын қорғай алады және басқалардың құқығын бұзбайды. Егер біздің елімізде заң мен тәртіп орнаса, онда ол мемлекетіміздің мызғымас іргетасына айналады», - деп ұсыныс білдірді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіру үшін полицияның тиімділігін арттыру қажеттігін және аталған мәселе өз бақылауында болатынын атап өтті.