Алдағы күзде «Қазпошта» акционерлік қоғамы «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша өтініштер қабылдай бастайды

АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - «Халықтық IPO» бағдарламасына «Қазпошта» акционерлік қоғамының 3,5 мыңнан астам бөлімшесі жұмылдырылады,

 деп хабарлады аталған мекеменің басқарма төрағасының орынбасары Ермек Пірімбетов pm.kz сайтына берген сұхбатында.

 «Қазпошта» АҚ бағдарламаны іске асыруға алдағы күзде дайын болады және автоматтандырылған және автоматтандырылмаған 3,5 мыңнан астам байланыс бөлімшесі халыққа қызмет көрсете бастайды»,- деді Е.Пірімбетов өз сөзінде.

Қазіргі таңда «Қазпошта» ақпараттық және білім бағдарламаларына қатысуда. Айта кету керек, «Қазпошта» қызметкерлерінің қор нарығы саласындағы біліктілік деңгейлерін арттыру мақсатында ағымдағы жылы кәсіби мамандардың көмегімен оқыту шаралары жүргізіліп жатыр.

«Біз өтініштер қабылдау, келісімшарттар жасау жөніндегі қызметтер көрсететін 3 мыңнан астам қызметкерді оқыттық. Компания Алматы, Астана қалалары мен ірі облыстық орталықтарда орналасқан брокерлік компаниялармен «Қазпошта» қызметкерлерін оқыту жөніндегі келісімшартқа отырды», - деді Е.Пірімбетов.

«Қазпошта» АҚ-ның ақпараты бойынша, оқыту семинарларының наурыз-сәуір айларында өткен  бірінші кезеңінде - «Асыл Инвест» АҚ-мен бірлесіп 800 адам оқытылды. Ал маусым-шілде айларында өтіп жатқан екінші кезеңде облыстық филиалдардың трансфер-агенттік секторларының қызметкерлері ауылдық және аудандық пошта бөлімшелерінің 2469 қызметкерін оқытты. Оқыту шараларын 24 шілдеде басталатын және «Асыл Инвест» АҚ-ның оқыту орталығымен бірлесіп өткізілетін қайталау семинарлары жалғастырады.

Бүгінгі таңда елімізде брокерлік-дилерлік қызметтер көрсетуге 61 лицензия берілген, олардың қатарында барлық өңірде бөлімшелері бар «Қазпошта» АҚ бар.