Алдағы онжылдық индустриялық-инновациялық қарқынды дамумен басталмақ - Ә. Ахметжанов

АНА. Ақпанның 11-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен 10 жылда Қазақстан көптеген жетістіктерге қол жеткізді.

Алдағы онжылдық индустриялық-инновациялық қарқынды дамумен басталмақ. Бұл туралы бүгін Астанадағы Қазақстан-Ресей университетінде ҚР Президентінің ел халқына арналған биылғы Жолдауын талқылау және түсіндіруге арналған кездесуде «Болашақ» қауымдастығының мүшесі-«ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ-ның барлау жобалары бойынша бас менеджері Әнуар Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Болашақ» қауымдастығының мүшесі, Қазақстан өткен 10 жылдық кезеңде көптеген жетістіктерге жеткенін, ал алдағы онжылдық индустриялық-инновациялық қарқынды дамумен басталатынын айта отырып, кездесуге қатысқан студенттерді бұл үрдістерге белсенді атсалысуға шақырды.

Оның айтуынша, тек жақсы бағаларға оқу жеткіліксіз, елдің көркеюіне қосар үлестері мен алған білімдерін тиімді пайдалану жолдарын бүгіннен бастап қарастыру қажет. Ал мемлекет мен үшін не істеп береді екен деп отыра беру, бүгінгі күннің жастарына еш лайық емес.

«Соңғы 10 жылда елдің индустриялық-инновациясы қарыштап дамыды. Бұл уақыт аралығында мұнай-газ саласында да ілгерінді жылжулар болды. Мәселен, 2000 жылы Қазақстанда мұнай өндіру 30 млн. тоннаны құраса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткішті 80 млн-ға ұлғайту көзделіп отыр», - деді ол.

Сондай-ақ оның атап көрсетуінше, заманауи технологияларды енгізудің арқасында соңғы он жылда Қазақстанда 20 теңіз ұңғысы бұрғыланған, ал 2000 жылға дейін мұндай жұмыстар мүлдем жүргізілмеген.