Сенаторлар алдағы референдум мен конституциялық реформаның негізгі бағыттарын талқылады.
«Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум - Мемлекет басшысы бастамашылық еткен саяси реформалардың маңызды кезеңі. Біз 5 маусымда ұсынылған алдағы өзгерістердің бағыттары бойынша таңдау жасайтын боламыз. Дауыс беру қорытындысы Қазақстанның соңғы жылдары барлық салаларды реформалау бойынша жүргізіп жатқан ауқымды жұмысына қоғамдық қолдаудың жоғары деңгейін көрсететініне сенімдімін»
, - деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.
Сондай-ақ, қалаға Қонаев атын беру туралы шешімге қатысты ой бөлісті.
«Қапшағай атауын Қонаев деп өзгерту - қала тұрғындары үшін көптен күткен маңызды оқиға болды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қала атауын өзгерту жөніндегі бастамасын қалалықтардың басым көпшілігі қолдағанын атап өткім келеді. Бұл біздің ұлы саяси және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың еңбегінің маңызын көрсетеді»
, - деді сенатор Динар Нөкетаева.
Кездесу барысында қала тұрғындарымен және басшылығымен облыс орталығының даму келешегі, сондай-ақ елді мекеннің мәртебесін арттырудың өңірдегі барлық тұрғындарға маңыздылығы талқыланды.
Еске сала кетейік, Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілуіне байланысты шаһарда салтанатты шаралар ұйымдастырылды.