***
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына байланысты үндеу жариялады. «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында жарық көрген Елбасы Үндеуінде: «Алдағы сайлау ел, демократиялық құндылықтарды нығайту үшін үлкен маңызға ие. Мемлекет тарапынан ашық, әділ, мөлдір және бәсекелі сайлау өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Электораттық науқанның барлық кезеңдерінде заңдылықтың сақталуы қамтамасыз етілді. Саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарына теңдей қолжетімділік берілді. Барлық сайлау үдерісіне қатысушылар сайлаушыларды өздерінің сайлауалды тұғырнамаларымен таныстыру үшін кең мүмкіндікке ие болды. Біздің азаматтарымыз сонымен бір мезгілде саясаткерлердің сөз саптастарын бақылай отырып, кімнің кім екенін көрді», - делінген.
Кеше Конституциялық Кеңес төрағасы И.Роговтың бесінші сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауына мониторинг жасап жүрген халықаралық байқаушылар миссияларымен кездесулері өтті. Осы жүздесулер «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында жарияланған «Конституциялық кеңестегі әңгіме» деген тақырыптағы мақалаға арқау болған. Басылымның атап өтуінше, кездесу барысында И.Рогов еліміздің басшылығы алдымызда келе жатқан сайлаулардың Конституцияға және халықаралық стандарттарға сай ашық әрі әділ өтуіне үлкен мән беріп отырғанын атап өтті.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ ПА құрметті президенті, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Қазақстандағы кезектен тыс парламенттік сайлауды байқау жөніндегі делегациясының басшысы Жоао Соарешты қабылдады. Әңгімелесу барысында алдағы Қазақстандағы парламенттік сайлау мәселесі мен байқаушылар миссиясының қызметі талқыланды. Мемлекет басшысы Жоао Соарешке Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне және 2010 жылы Астана саммитін өткізуге қолдау көрсеткені үшін өз ризашылығын білдірді. Жоао Соареш Қазақстанның дамып, елде орасан өзгерістер болып жатқанына өзінің сүйсінетінін атап өтті. Ол Президенттің Жаңаөзен қаласында парламенттік сайлау өткізу туралы шешімін оң бағалағанын, ЕҚЫҰ байқаушыларының біраз бөлігі Жаңаөзенде жұмыс істейтінін атап көрсетті.