Бүгін ҚР Туризм және спорт министрлігінде Қазақстанның атбегілері, төрешілері, шабандоздар мен жалпы ат мамандарының қатысуымен өткен кеңесте Ұлттық Ат спорты қауымдастығының вице-президенті Сәдібек Түгел, ұлы даланың даңқты тұлпары - Құлагерге арналған мүсіннің ашылуы алдағы шілденің 6-сына белгіленіп отырғанын айтып, оған аталмыш Қауымдастыққа мүше барлық 17 республикалық қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ Ресей, Қытай, Моңғолия мен басқа да елдерден қонақтар қатысатынын жеткізді.
С.Түгелдің айтуынша, ескерткіштің ашылуы барысында ұлттық ойындардың барлық түрлерінен жарыстар ұйымдастырылатын болады және алғаш рет «Құлагер-аламан» (40 шақырымға) бәйгесі өтпек. Бас жүлдеге джип автокөлігі тігіліп отыр.
Айта кетейік, таза мыстан құйылған Құлагер ескерткішінің жалпы ұзындығы 8, биіктігі - 5 метр, салмағы - 5 жарым тонна. Мүсін С.Түгелдің идеясы бойынша орнатылуда, оның авторы - сәулетші Сұлтан Иляев.
Сондай-ақ, 2010 жылғы тамыздың 28-і күні Конституция күніне орайластырылып ҚР Президентінің Кубогы үшін ат спортынан 12-ші халықаралық турнир өтеді. Сайыс алаңы - Алматы облысындағы «Көкбастау» ипподромы.