Алдағы уақытта дәнді дақылдар, ауыл шаруашылығы, жайылымдарда мал өсіру мәселелері жолға қойылады - Елбасы

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Алдағы уақытта дәнді дақылдар, ауыл шаруашылығы, жылыжай, жайылымдарда мал өсіру мәселелері жолға қойылады. Бұл туралы бүгін Ақордада шетелдік және отандық БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Елбасының атап өтуінше, 2003 жылдан бастап мемлекет ауыл шаруашылығына зор көңіл бөліп келеді. Осы аралықта аталған секторды қолдауға ел қоржынынан 670 млрд. теңге бөлінді. «Көп жағдайда біз ауыл шаруашылығына субсидия, яғни қайтып келмейтін мемлекеттің ақшасын беріп отырмыз. Соның арқасында, әсіресе дәнді дақылдардың өнімі кейінгі кезде көңілден шықты. Былтырғы құрғақшылық жылдың өзінде біз тек қана сол көмектің арқасында орташа өнім алдық», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысының пайымынша, осындай қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығында жаңа технология енгізіліп, жаңа комбайндар, машиналар сатып алынды, озық агротехнология қолданыла бастады.

Ендігі кезекте шығаратын ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселесі тұрғандығын баса айтқан Елбасы қазіргі уақытта мал шаруашылығын дамыту қолға алынғандығын тілге тиек етті. «52 мал бордақылайтын пункттер ашылып, оның төңірегінде 2300 шағын фермерлік бизнестер болады. Миллионға жақын адамдарға ауылда жұмыстар ашылады. Сондықтан дәнді дақылдар, ауыл шаруашылығы, жылыжай мәселелері, оңтүстіктегі көкөніс пен басқа жағдайлар, солтүстікте бидай өндіру, далаларымызда, жайылымдарда мал өсіру мәселесі жолға қойылатын болады. Бұның барлығы менің бағдарламамда айтылған», - деді Президент.