Алдағы уақытта елімізде екі телеарна іске қосылады

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алдағы уақытта елімізде екі телеарна іске қосылады. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Бас редакторлар клубы форумында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев айтты.

Министрдің сөзіне қарағанда, «Мәдениет» телеарнасы биылғы жылдың қыркүйек айында іске қосылса, «Білім» арнасы келесі жылы хабар тарата бастайды. «Білім» арнасы мектеп оқушыларына қажетті ақпараттар тарады. «Білім саласындағы ақпараттар тек Білім және ғылым министрлігімен бірлескен түрде дайындалады. Алайда бұл бағыттағы жұмыстарға тек аталған министрлік қана емес, білім саласына қатысы бар деген барлық сала өкілдері атсалысулары қажет. Біздің барлығымыздың қызметіміз түптеп келгенде біліммен байланысты болғандықтан білім мәселесі барлығымызды да толғандыруы керек. Сондай-ақ мен барлық мәдениет саласы мамандарын «Мәдениет» арнасының қызметін жетілдіруге атсалысуға шақырамын»,-деді министр.