Алдағы уақытта елордада «электрондық карта» енгізуді қарастырған жөн - Д. Нөкетаева

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР «электрондық үкіметін» дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Динар Нөкетаева елордада «электрондық картаны» енгізу туралы ұсыныс жасады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәскеу қаласында 2009 жылдан бері қаланың электрондық болашағы туралы тұжырымдама жобасы әзірленіп жатыр. Дегенмен, қазіргі таңда аталған қалада 3,5 млн. адам қаланың «электрондық картасын» қолданады екен. Сонымен бірге, Ресейдің 42 аймағында 17 негізгі ақпараттандыру бағыттарында жұмыс жасайтын 90 жүйесі бар болып отыр. Жаңағы мәскеуліктердің «электрондық картасы» арқылы бүгінгі күні жастар да зейнет жасындағылар да барлық төлемдерді жүзеге асырып келеді. Сондықтан да, бұның халық үшін тиімділігі де зор болып отыр», деді депутат. Оның айтуынша, бұндай «элктрондық карта» арқылы түрлі жеңілдіктер, қарапайым төлемдер жасалады.

Осыған орай, Комитет төрайымы Астана қаласында да «елордалықтардың электронды картасын» енгізу туралы ұсыныс жасады. «Әрине, бұл жобаны жүзеге асыру қомақты қаражат талап ететіні сөзсіз, дегенмен алдағы уақытта бүкіл дүниенің дамуы электрондық бағытта болатындықтан осы мәселені де қаперде ұстаған орынды», деді Д. Нөкетаева.