Алдағы уақытта мемлекеттік тілде жоғарғы оқу орындарына арналған 130 түрлі оқулықтар басылып шығатын болады - ҚР Білім және ғылым министрі

МАТЫ. 20 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен ҚР ЖОО қауымдастығының ұйымдастыруымен

Қазақстан жоғарғы оқу орындарын кітаппен қамтамасыз ету мәселелері бойынша VI республикалық конференция болып өтті.

Конференция жұмысына жоғарғы оқу орындарының ректорлары, жарық көрген кітаптардың авторлары, жоғарғы оқу орындары ғылыми кітапханаларының директорлары қатысты.

Мәжілісті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов ашты.

Конференция барысында министр: «Алғашқы рет республикалық бюджеттен жоғарғы оқу орындарына арналған 130 түрлі оқулықтарды басып шығаруға 137,7 млн.теңге қаржы бөлініп отыр. Біз алғашқы қадамды жасадық. Енді алдағы үш жылда біз осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз. Республикалық бюджеттік комиссия қазірдің өзінде 200 млн. теңге көлемінде болатын жылдық бюджеттік өтініштерді мақұлдады. Осы қаржының есебінен жаңа кітаптар басылып шығатын болады», - деп атап өтті.

Конференция барысында жоо-ға мемлекеттік тілдегі кітаптарды басып шығару өзекті мәселенің бірі болып тұрғандығы атап өтілді. Статистикалық мәліметке сүйенсек, ЖОО-дың кітапхана қорларында 50 млн. кітап бар екен, бірақ, оның шамамен 8 миллионы ғана мемлекеттік тілдегі кітаптарды құрайды.

Конференция барысында техникалық, жаратылыстану, экономика мамандықтары бойынша жоғарғы оқу орындарына арналған, мемлекеттік тілдегі 72 оқулықтың таныстырылымы болып өтті. Аталмыш кітаптардың жалпы тиражы 96 мың дананы құрайды.

ҚР ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшановтың айтуынша, кітаптарды басып шығаруға 23 ЖОО-ның ұжымдары атсалысқан, Ал, кітаптарды жазуға 157 -ден астам ғалымдар мен оқу орындарының ең мықты деген ұстаздары тартылған.

Шара барысында министр кітаптарды шығаруға атсалысқан 10 ең үздік авторлар мен баспагерлерге құрмет грамоталарды табыстады.

Пленарлық отырыс ҚР Білім және ғылым министрлігінің Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының қоры мен Орталық ғылыми кітапаханаларына және жоғарғы оқу орындарындағы ғылыми кітапханалар қорына ЖОО-на арналған мемлекеттік тілдегі жаңа 72 оқулық сертификаттарын табыстау салтанатты шарасымен аяқталды.

Шара аясында ҚР ЖОО Ассоциациясы және жоғарғы оқу орындары жарыққа шығарған оқулықтар көрмесі болып өтті.