Алдағы үш күнде үсік жүреді – синоптиктер болжамы

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазгидромет» РМК 15-17 маусым күндергі ауа райына болжамын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Болжамға сәйкес, Қазақстанның батысында, оңтүстік-батысы мен оңтүстік-шығысында күн райы атмосфералық фронталды бөліктердің әсерімен қалыптасады: аспанды ала бұлт басып, найзағай ойнайды, жаңбыр жауып, жел мен шаңды дауыл тұрады.

Республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде ауа температурасы түнде 2-10 градусқа дейін төмендейді. Топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік жүреді. Бұл ретте күндіз температура 20-28-ден 25-32-ге дейін біртіндеп көтеріле бастайды.