Алдағы үш-төрт жылда абоненттер үшін ұялы байланыс шарттары тиімді болады - Р.Нұршабеков

АНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Ағымдағы жылдың ақпан айының басында ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Қазақстан нарығындағы ұялы байланыс операторлары,

атап айтқанда GSM Қазақстан/Ксеll, «Activ», «Нео», «КаР-Тел» желіге өзара қосылу төлемін алып тастағандығын, секундтық тарифтеу бірлігі мен жаңа тарифтердің енгізілгендігін хабарлап, сүйіншілеген болатын. Операторлардың қызметін абоненттер үшін неғұрлым қолайлы ету тұрғысында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен осы бағыттағы проблемалар туралы ҚР БАМ Байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағасы Ризат Нұршабеков айтып береді.

- Ризат Рахатбекұлы! Шалған қоңырауымызға тұтқаның арғы жағында «Алло!», деп жауап бергені үшін бұдан-былай ақы төлемейтініміз қуантады. Бірақ қосылу бағасын алып тастауға үлгермей жатып, кейбір ұялы байланыс операторлары, мысалға, «Нео» сөйлесудің алғашқы минутының тарифін жоғарылатып жіберді. Бұған не айта аласыз?

- Қазір қоңырауға жауап бергені үшін тарифтерді алып тастағанымызды білесіздер. Мысалға абонент қоңырау шалғаны үшін 12-19 теңге төлейтін. Онымен бірге, сөйлескен уақытына жеке төлейтін. Екіншіден, секундтық тарифтеу енгіздік. Яғни абонент қанша сөйлессе, сонша төлейді. Бұған дейін 11 секунд сөйлескен уақытынызды «дөңгелетіп» 20 секундтың ақшасын алатын. Меніңше, осы айдан бастап абоненттер тарифтердің жеңілдетілгенін сезіне бастайды. Қоңырау шалғаны үшін төлемді алып тастай салысымен, операторлар тарифтерін көтеруге жанталасқанын жасырмаймын. Бірақ абонеттер өздерінің қандай тарифте отырғанына жіті назар аударып, ең тиімдісіне қосыла алады. Өкінішке қарай, кейбіреулер тіпті қай тарифке қосылғандығын да білмейді.

- Басында операторлар Интерконнект үшін төлемді түсіруге үзілді-кесілді қарсы болды. Бас кезінде, әңгіме оны 20 пайызға түсіру турасында болып, кейін 15 пайызға деп келісілді. Операторлар министрліктің 20 пайыз деген ұсынысын қабыл алмады. Неліктен?

- Бұл мәселе мемлекеттік органдармен реттелмейді. Бұл екі оператор арасындағы келісім-шарттық қатынастар. Министрлік ставканың 11 жыл бойы өзгеріссіз келгенін негізге алып, оны төмендету туралы мәселе көтерді. Пікірталас қызу жүрді. Біреулер оны үш-төрт есеге дейін төмендетуді, кейбірі мүлдем төмендетпеу туралы айтты. Өз кезегімізде операторларға тарифті түсіру туралы табанды ұсынысымызды жасадық. Операторлар ұзақ уақыт келіспеді. Дегенмен, кейін оны 15, 20 пайызға төмендету туралы өзара уағдаласа бастады. Бұл бірінші қадам болды. Әрине, жұмыстар мұнымен тоқтамайды және төлем біртіндеп төмендейді. Қазір Бәсекелестікті қорғау агенттігі төлемнің бұл түрін заңмен реттеу жағын қарастыру үстінде. Реттелуі тиіс деп шешсе, операторларға тиісті шаралар қолдана алатын боламыз.

- Екі ірі оператор - Kcell мен Beeline ұялы байланыс нарығының 90 пайызын өзара бөлісіп отыр. Осы ретте желіаралық тарифтердің төмендеуінен үшінші операторға тиер пайда аз сияқты.

- Иә. Себебі, үшінші операторда абоненттік база аз. Тиісінше, оның абоненттері қалған екі оператордың абоненттерімен көп сөйлеседі. Ал олардан өзіне қоңыраулар аз соғылады. Осындай теңсіздіктің салдарынан үшінші оператор көп төлеп, аз табыс табады.

- Нарыққа осы «монополистерге» бәсекелестік тудыратын жаңа оператордың келуі болжанып отырған жоқ па?

- Біздің нарық шектеулі, потенциалды абоненттердің саны бар-жоғы 16 млн. Сатылған sim-карталар бойынша есептейтін болсақ, олардың саны - 17 миллионның ар жақ бер жағы. Яғни екі оператор абоненттерді өзара бөліп алған. Бұл сондай-ақ инвестицияға да байланысты. Нарыққа төртінші оператор келсе-дағы, оған көп қаражат салу керек болады. Өзге мемлекеттерде үшінші оператор нарыққа келгенде, міндетті түрде қандай-да бір қиындықтарға тап болады. Болмаса оларды бірінші, не екінші оператор сатып алады. Біз биылдан бастап «Нео» белсендік таныта түседі деген үміттеміз.

- 2010 жылдың қыркүйегінде Операторлар кеңесінде «GSM Қазақстан» ААҚ «Қазақтелкомның» сөйлесу тарифін 19 теңгеге дейін түсіру ниетін байқадық. Белгілі болғандай ол 24 теңгеге ғана түсті. Компаниялар төлемді төмендетуге неге асықпай отыр?

- Иә, біз тарифті 19 теңге дейін түсіруді сұрадық. Онымен бірге, өткен жылы қолданыстағы заңға өзгертулер енгізіліп, соның негізінде біз Kcell-дың ішкі жүйесіндегі бағаларға сараптама жүргіздік. Нәтижесінде оператордың ішкі жүйесіндегі байланыс ҚҚС-ты қоспағанда 18 теңгеден жоғары болмауы тиіс деген түйін жасадық. Бірақ Kcell бізді сотқа берді. Біз сотты жеңіп шықтық. Бірақ сот процестеріне байланысты оларға дер кезінде қатаң талаптар қоя алмадық. Егер жуық арада жағдай өзгермейтін болса, оларға шара қолданатын боламыз. Соңғы жарты жылда барлық операторларға тарифті 19 теңгеге дейін төмендетуді ұсынып келеміз. Кейбір тарифтер бойынша ұсынысымыз қабыл алынды. Дегенмен, айтылған сомадан жоғары тариф түрлері әлі де қалып отыр.

- Сарапшылар, «Интерконнектке ставкаларды төмендете отырып байланыс ақысын 30 пайызға түсіру - қазақстандық ұялы байланыс пайдаланушылар үшін «ең тиімді» шарттар болар еді» деген пікір білдіруде. Алдағы таяу уақытта бұған қол жеткіземіз деп айта аламыз ба?

- Айтып өткенімдей, бұрын бұл бағытта жұмыстар мүлдем жүргізілмеген. Себебі тиісті заң болмады. Өткен жылы заңға өзгертулер енгізілгеннен кейін, ішкі желідегі байланыстың ақысын келісе отырып белгілеуге мүмкіндік алдық. Ал интерконнектті әзірше реттей алмаймыз. Бәсекелестікті қорғау агенттігі бұл бағыттағы жұмысты ағымдағы жылы аяқтайды деп есептеймін. Бастапқыда интерконнектті алдағы үш-төрт жылда 40 пайызға дейін төмендетуді жоспарладық. Халықаралық үздік тәжірибелерге қарағанда, интерконнект жоғарыдан төменге біртіндеп түсті. Ал оны бірден төмендеткен жерлерде операторларда проблемалар туындаған. Қайталап өтемін, интерконнект бізде 11 жыл бойы өзгеріссіз келді. Осы уақытқа дейін аз-маздап төмендеп келген болса, қолайлы межесіне жетуші еді. Операторларға да қиындық туғыза алмаймыз. Алдағы үш-төрт жылда абоненттер үшін ұялы байланыс шарттары тиімді болатындығына сендіремін.