Алдағы үш жылда әр жыл сайын 30 шақырым су құбыры мен 15 шақырым кәріздерді ауыстыру қажет - «Астана Су Арнасы»

АСТАНА. Мамырдың 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010-2012 жылдары әр жыл сайын елордадағы 30 шақырым су құбырлары мен 15 шақырым кәріздерду ауыстыру қажет етіледі. Бұл туралы бүгін «Астана Су Арнасы» МКК Бас директорының орынбасары Арман Данаев, Астана қаласы Алматы ауданы әкімшілігінде инвестициялық міндеттемелердің орындалуы жөнінде өткен кеңесте мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сумен жабдықтау және су бұрғыштар желілеріндегі апаттылық мәселесіне анализ жасау барысында, өткен 12 жыл ішінде бұндай тозығы жетіп, апатты жағдайға түскен жүйелердің саны бес есеге дейін артқан. Мәселен, 1997 жылмен салыстырғанда 2009 жылы су құбырларының тозуына байланысты орын алған оқиғалардың саны 230-дан 1 мың 49-ға дейін артқан. Су құбырлары мен кәріз желілеріндегі апаттылықтың жоғары деңгейде болуы темір құбырлардың тозуымен байланысты. Олар 30-40 жылдан астам уақыт бойы жер астында тозығы жеткендіктен, жаппай істен шығу жиілеп кетті», деді А. Данаев.

Оның айтуынша, бүгінгі күні тұтынушыларды үздіксіз сумен жабдықтауды сапалы жүзеге асыру мәселесі ең басты проблемаға айналып отыр.