Алдағы үш жылда бюджет тапшылығы 2,2 пайыздан 1,7 пайызға дейін төмендейді - Б. Сұлтанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы үш жылда республикалық бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге 2,2 пайыздан 1,7 пайызға дейін төмендейді. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.

Қаржы министрінің айтуына қарағанда, алдағы үш жылға тапшылық Жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасымен бекітілген шектеулер негізінде анықталған. Бұл ретте бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге 2015 жылы 2,2 пайызды немесе 997 млрд. теңгені құраса, 2016 жылы -1 059 млрд. теңгені немесе 2,1 пайыз, ал 2017 жылы - 973 млрд. теңгені немесе 1,7 пайызды құрайтын болады.

«Республикалық бюджет шығыстары 2015 жылға 7 трлн. 307 млрд. теңге көлемінде ағымдағы жылғы деңгейге қарағанда 2,6 пайыз өсімімен болжанады. Ал 2016 жылға 7 797 млрд. теңге алдыңғы жылдың деңгейіне қарағанда 6,7% өсімімен, 2017 жылға - 8 100 млрд. теңге 3,9 % өсімімен жоспарланады», - дейді Б. Сұлтанов.